Қазақстан басшысын Президенттікке қайта сайлануымен Әзірбайжан президенті құттықтады

У. 5 сәуір. ҚазАқпарат /Арнұр Мұхаметкәрім/ - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлауда жеңіске жетуімен Әзірбайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиев құттықтады.

Жеделхат мәтінінде былай делінген:

Қазақстан Республикасының Президенті

Жоғары мәртебелі

Нұрсұлтан Назарбаев мырзаға

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Сіздің Қазақстан Республикасының Президенті болып қайта сайлануыңызға орай менің шын жүректен құттықтауымды қабыл алыңыз.

Сіздің сайлаудағы жеңісіңіз Қазақстан халқының Сізге деген зор сенімін, мемлекеттілік пен құқық тәртібін бекіту, қоғамның барлық салаларында түпкілікті өзгертулерді жүзеге асыруға арналған Сіз ұстанған бағытқа деген қолдауының көрінісі.

Әзірбайжан мен Қазақстанды көп ғасырлық достық, татулық пен ынтымақтастық байланыстырады. Осы жақсы дәстүрлерге негізделген біздің мемлекетаралық қарым-қатынастарымыз біздің достас халықтар мен елдердің игілігі үшін одан әрі дами беретініне сенімдімін.

Сізге, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, зор денсаулық, бақыт, ынтымақ пен Қазақстанның дамуы жолындағы ерен еңбегіңізге зор табыс тілегім келеді.

Құрметпен, Әзірбайжан Республикасының Президенті

Ильхам Әлиев