Қазақстан басшысының атына шетелдік мемлекеттер мен үкіметтері басшыларынан Тәуелсіздіктің 18 жылдығына орай құттықтаулар келіп түсуде
деп хабарлайды ҚР Президентінің баспасөз қызметі.
Қытай Халық Республикасының төрағасы Ху Цзиньтао өзінің Қазақстан басшысына жолдаған құттықтауында «Сіздің басшылығымен өткен 18 жылда Қазақстан халқы таңдап алған даму жолымен ілгері жылжи отырып, мемлекет құрылысында қажымас күш-жігер жұмсады, ол елдің нақты жағдайларына неғұрлым сай келеді. Осының арқасында Қазақстанда бүгінде берік саяси тұрақтылық, орнықты әлеуметтік-экономикалық даму, халықтың өмір деңгейінің үздіксіз артып отыруы және елдің халықаралық аренадағы беделі үнемі артып отырғаны байқалады», деп атап өткен.
Сауд Арабиясының Королі Абдалла Бен Әбделәзиз Әл Сауд Қазақстанның Тәуелсіздігіне байланысты Сауд Арабиясы Корольдігінің халқы мен үкіметінің және өз атынан Нұрсұлтан Назарбаевқа «ең шынайы құттықтауын және мықты денсаулық пен бақыт және туысқан Қазақстан халқына одан әрі ілгерілеу мен гүлдену тілегін» білдірді. Сондай-ақ Тақ мұрагері, Сауд Арабиясының Премьер-министрінің орынбасары және қорғаныс министрі Сұлтан бен Әбделәзиз Әл Саудтан да құттықтау келіп түсті.
Германия Федеративтік Республикасының Президенті Хорст Келер өзінің жеделхатында Қазақстан Президенті мен халқына шын жүректен құттықтауын жолдайды және Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі «Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық үшін маңызды кезең» болатынын атап көрсетеді. Германия президентінің пікірінше, «Қазақстан бұл міндетті ойдағыдай орындай алады».
Канада Генерал-губернаторы Михаэль Жаннан түскен Тәуелсіздік күніне орай хатта «Халықаралық ұйымдардың мүшелері бола отырып, біз ұстанған принциптер Орталық Азия мен бүкіл әлемде ұзақ мерзімді қауіпсіздік пен экономикалық гүлденуге өз үлесін қосады» делінген. Михаэль Жан барлық қазақстандықтарға одан әрі жаңа табыстарға жете беруіне тілектестігін білдірді.
Жапония Императоры Акихито өз хатында біздің Мемлекетіміздің басшысы мен Қазақстан халқына бақыт пен гүлдену тілеген шынайы ізгі тілегі мен шын жүректен құттықтауын жолдайды.
ТМД мемлекеттерінің басшылары - Ресей Президенті Д.Медведевтен, Беларус Президенті А.Лукашенкодан, Әзірбайжан Президенті И.Әлиевтен, Өзбекстан Президенті И.Каримовтан, Украина Президенті В.Ющенкодан, Түрікменстан Президенті Қ.Бердімұхаммедовтен, Армения Президенті С.Саргсяннан жылы шырайлы құттықтаулар келіп түсті.
Атап айтқанда, Александр Лукашенко өз хатында, «Беларус пен Қазақстан өзара сенімнің жоғары деңгейіне жетті, біз оны беларус пен қазақстандық халықтардың игілігіне міндетті түрде пайдаланатын боламыз», делінген.
Илһам Әлиев Қазақстан мен Әзірбайжанның берік достық қарым-қатынастарының қалыптасқан тарихи сипатын атап өте отырып, олар бірлескен күш-жігердің арқасында міндетті түрде одан әрі жан-жақты дамитынына кәміл сенім білдіреді.
Құрбанқұлы Бердімұхаммедов Қазақстан Президентіне шын жүректен мықты денсаулық және игілік, ал Қазақстан халқына - одан әрі ілгерілеу мен гүлдену тілегін білдіреді.
Тәуелсіздік күніне орай Қазақстан Президенті мен халқына Үндістан Президенті П.Патил, Шри-Ланка Президенті М.Раджапаксе, Корея Республикасының Президенті Ли Мун Бак, Грузия Президенті М.Саакашвили, Хорватия Президенті С.Месич, Ирландия Президенті М.МакАлис, Тунис Президенті Зин әл-Абидин Бен Әли, Ливан Президенті М.Сулейман, Грекия Президенті К.Папулиас, Шейцария Президенті Х.-Р.Мерц, Польша Президенті Л.Качиньский, Чехия Президенті В.Клаус, Венгрия Президенті Л.Шойом, Болгария Президенті Г.Пырванов, Литва Президенті Д.Грибаускайте, Черногория Президенті Ф.Вуянович, сондай-ақ Куба Министрлер Кеңесінің Төрағасы Р.Кастро және Үндістан Премьер-министрі М.Сингх құттықтау жолдады.
Қазақстанның басты ұлттық мерекесіне құттықтаулар Бельгия Королі Альберт Екіншіден, Нидерланды Патшайымы Беатрикстен, Куәйт ханзадасы Науаф әл-Жабер Ас-Сабахтан келіп түсті.
Мәскеу және Бүкіл Ресей Патриархы Кирилл Тәуелсіздік күнімен өз құттықтауында Нұрсұлтан Назарбаевқа және бүкіл Қазақстан халқына тыныштық пен игілік тілейді. «Бүгінгі Қазақстан - ұлтаралық және дінаралық қатынастарды үйлестіруге ұмытылып отырған мемлекет, нақ осы Қазақстан жерінде Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының съездері дәстүрлі өтіп келеді», деп атап өтеді Ресей православ шіркеуінің басшысы. Патриарх Кирилл сондай-ақ 2010 жылғы Қазақстанға сапары кезінде Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуге үміттенетінін білдірді.
Өз хатында Рим Папасы Бендикт XVI Президентке және Қазақстан халқына шын жүректен бақыт тілеген. «Мен Тәңіріден барлық ізгі ниетті адамдардың ісін оңғарып, әр адамның әлеуметтік үйлесімде және жеке басының дамуына медет бер» деп жалбарынамын. Мен Сізге және Қазақстан халқына Жаратқанның мейірімі түссін деп тілек етемін», делінген Рим Папасының жолдауында.