Қазақстан басшысының Бішкекке сапарынан күтеріміз көп – Қырғызстан Президентінің кеңесшісі

БІШКЕК. ҚазАқпарат – Қырғыздар үшін қазақтар өте жақын, біз жүрегімізде Қазақстанға жанашырлықпен қараймыз. Бұл туралы Бішкекте Қазақ-қырғыз зиялыларының IV форумында Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Сұлтан Раев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақ-қырғыз зиялыларының форумы осымен төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл жиын екі елдің ортасындағы ерекше рухани көпірге айналды. Осы форумды өткізуде Халықаралық Түркі академиясының рөлі айрықша. Екі ел арасындағы бауырластыққа, тағыз қарым-қатынасқа байланысты зиялы қауым өкілдері жақсы пікірлерін айтып жатыр. Біздің елдер бір-біріне ерекше жақын, бір туған әрі бір тамыр елміз. Сондықтан қырғыздар үшін қазақтар өте жақын, біз жүрегімізде Қазақстанға жанашырлықпен қараймыз», - деді С. Раев.

Осы орайда ол Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы түрлі салалардағы байланыстарды тереңдете түсу керектігін атап өтті.

«27 қарашада өтетін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға мемлекеттік сапары аясындағы маңызды тақырыптар талқыланады деп күтіп отырмыз. Экономикалық, мәдени, саяси және гуманитарлық мәселелер бойынша да стратегиялық құжаттарға мән беріледі деп ойлаймыз. Осы орайда бұл сапардың нәтижесі аясында ауқымды жетістіктерге қол жеткізіледі деген пікірдеміз», - Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 27 қарашада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбековтің шақыруымен Қырғызстанға мемлекеттік сапармен барады.

Келіссөздер барысында екі ел басшылары Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы стратегиялық серіктестіктің қазіргі ахуалы мен перспективаларын талқылайды және кездесу қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжатқа қол қойылады деп жоспарлануда.

Айта кету керек, қазақ-қырғыз зиялыларының алғашқы басқосуы Түркі академиясының бастамасымен 2018 жылдың сәуір айында Нұр-Сұлтан қаласында өткен болатын. Бұдан кейін туысқан екі елдің ынтымақтастығына айрықша ықпал еткен игі шара сол жылғы қазан айында Ош қаласында жалғасын тапты.

Сонымен қатар, Ұлы даланың мәңгілік мирасы «Манас» дастаны мен көрнекті ғалым Шоқан Уәлиханов тағылымына арналған үшінші форум биылғы маусым айында Жетісу жерінде, Талдықорған қаласында ұйымдастырылды.