Қазақстан батыстың Himars және Leopard әскери техникасын сатып ала ма

Қорғаныс министрінің орынбасары Бақытбек Сыдықов Қазақстан Қарулы күштеріне қай елдердің әскери техникасы сатып алынып жатқанын айтты, деп хабарлайды Kazinform .

Фото: U.S. Army photo by Capt. Angelo Mejia

Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер Қорғаныс министрінің орынбасарынан еліміздің Қарулы күштеріне батыс елдерінің танкілері мен артиллериясын сатып алу мүмкіндігі жайында сұрады.

«Himars техникасын, Leopard, Abrams танкілерін және батыстың әскери ұшақтарын сатып алу қарастырылып жатыр ма?» деп сұрақ қойды тілшілер.

Өз кезегінде Бақытбек Сыдықов қазір әлемдегі қарулы қақтығыстар кезінде қолданылып жатқан озық технология зерттеліп жатқанын айтты.

«Қазір бұл техника үлгілері тым қымбат болуына байланысты қарастырмадық. Біз баға мен сапаға тұрақты мониторинг жасаймыз. Соның негізінде аталған әскери техникадан кем түспейтін басқа үлгілерін таңдап жатырмыз», - деді министрдің орынбасары.

Оның айтуынша, Ресей мен Беларусь өнімдерін сатып алуға санкция енгізілгеннен кейін қазір басқа елдермен келіссөз жүріп жатыр.

Олардың қатарында Түркия, Қытай, Сербия бар.