Қазақстан Баян-Өлгейден мал сатып алмақ ниетте

БАЯН-ӨЛГЕЙ. ҚазАқпарат -  Қазақстан Баян-Өлгейден (Моңғолияның аймағы-авт.) жылқы және қой малдарын тірідей сатып алуға ниет білдірген. Бірақ бұл мәселе заңмен реттелмегендіктен кедергіге ұшырап тұр.  Бұл туралы Баян-Өлгейде өткен «Бизнес форум Өлгей - 2018» атты форум барысында «ЕТ-транзит» компаниясының директоры Талғат Әукетайұлы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Баян-өлгейлік кәсіпкердің айтуынша, Қазақстанның Жамбыл, Семей, Өскемен облыстарының бірқатар компаниялары тірі мал сатып алу туралы ұсыныс жасаған. Бұндай ұсыныс Қырғызстан кәсіпкерлері тарапынан да түскен. Олар аталмыш жұмысты Моңғол елінің тиісті заңнамалық актілері аясында ұйымдастыруды қолдайды. 

«Биылғы жылы Моңғол үкіметі Еуропа елдеріне, Азияға оның ішінде Вьетнам, Лаос Халықтық Демократиялық Республикасына, Иран, Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортқа ет шығаруға келісімшарт жасасқан. Аталмыш жоспарды жүзеге асыру барысында, Баян-Өлгей аймағы басты маңызға ие. Себебі, қазіргі жағдаймен қарағанда, Моңғолияның батыс аймақтары  малдың жұқпалы індеттерінен ада. Бұл бір жағынан өңірдегі аз қазақтың тұрмыс жағдайын жақсарта түсуге сеп болар еді», - дейді Талғат Әукетайұлы.  

Айта кетерлігі, Моңғолияда шет елдерге тірідей мал шығару ісі заңмен реттелмеген. Сонымен қатар, Моңғолия осыдан үш жыл бұрын Қытай мен Ресейге экспортқа тірідей мал шығара бастап, кейіннен бұған халық қарсы шыққан. Оған себеп, экспортқа шыққан жылқы малына Қытай азаматтарының жасаған қиянаты еді. Бұл әрекет бес түлік  малын қазына санайтын көшпенділердің жиреніш сезімін туғызып, сол кездегі Вице-премьер министр, қәзіргі Үкіметбасшысы Ухнаагийн Хүрэлсүх шетелдерге экспортқа тірідей мал шығаруға санкция салған болатын.

Ал Талғат Әукетайұлы болса Қытай мен қазақ халқын салыстыруға келмейтінін айтып, мәселені заң жүзінде реттеу қажеттігін алға тартады. «Қазақтар да көшпенді ел, малмен қалай қатынасуды және мал қадірін біледі.  Сондықтан Үкімет аталмыш шешімін Қазақстанға қарсы қолданбаса деп ойлаймыз», - дейді ол.

Айта кетерлігі, «ЕТ-транзит» компаниясы 2005 жылдан бері үздіксіз қызмет жүргізіп келе жатқан компания. Тәуілігіне 140-150 ірі қара, 400-500 ұсақ мал етін дайындап, 1 000 тоннаға дейін ет мұздата алады. 2018 жылдан бастап жылқы, қой еттерін Қырғызстанға шығара бастаған.

Еске сала кетсек, биылғы жылы Моңғолияда мал басы 66 млн-ға жуықтаған, соның ішінде Баян-Өлгейде 2 млн-нан астам мал бар.

Автор: Қуат Уатхан

Фото: spkpavlodar.kz