Қазақстан бэби-бокстарды орнатқан елдердің тәжірибесін зерделеп жатыр
«Бэби-бокстар Еуропалық одақтың 11 мемлекетінде орнатылған, олардың тәжірибесі зерттелді. Мысалы, былтыр Еуропалық одақ елдерінде бэби-бокстарға 400 нәресте тасталған. Көптеген мемлекеттер оны орнатудан бас тартуда. Біз олардың тәжірибесін қарап жатырмыз», - деді комитет төрағасы Ержан Ерсайынов балалар үйлерін трансформациялауға арналған жиында.
Оның пікірінше, бала тастауға арналған арнайы қорапшаларды орнату жөніндегі шешімді асығыс қабылдауға болмайды.
Еске сала кетейік, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытгүл Хаменова Қазақстанда бэби-бокс енгізу бастамасын қайта ұсынған болатын. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа жолдаған депутаттық сауалда Хаменова жаңа туған нәрестелердің қоқыс жәшігінен жиі табылып жатқанына үлкен алаңдаушылық білдірді.
«Бас прокуратураның мәліметтері бойынша, 2016 жылы Қылмыстық кодекстің 119 бабы «баланы қауіпті жағдайларда қалдырып кету» фактісі бойынша ішкі істер органдары 15 іс қозғады. 2017 жылдың 3 айында 8 оқиға тіркелді. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалар өсіп жатыр. Қыздар ұрпақ жалғастыруы тиіс. Қыздарымыздың тәрбие-өнегесі - болашақ буынның тағдыры», - деді ол Мәжілістің пленарлық отырысында.