Негізгі келісімдердің бірі – қазақстандық коммерциялық техниканы Беларуське жеткізу. «Hyundai Trans Auto» ЖШС мен Беларусьтің «Эр Си М» ЖШҚ 2027–2028 жылдары 790 бірлік техника жеткізу туралы келісімге келді. Келісімнің жалпы құны кемінде $30 млн болады. Сонымен қатар қазақстандық автокөлік өндірушілерінің Беларусь нарығындағы экспорттық әлеуеті жылына 4 500 бірлік техникаға дейін жетеді.
Қазақстандық өнімді Беларусь нарығында ілгерілету мақсатында тағы 1 келісім жасалды. Қазірдің өзінде экспорттаушылар пулы қалыптастырылып, жылына 20 жүк көлігіне дейін тауар жеткізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Сауда және интеграция министрлігі мәліметінше, екі ел арасындағы сауда көлемі де тұрақты өсіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Беларусь арасындағы тауар айналымы 30%-ға өсіп, $1,2 млрд-тан асты. 2026 жылдың қаңтар–шілде айларында өзара сауда тағы 20,5%-ға өсіп, $723 млн болды. Оның ішінде Қазақстан экспорты $180,3 млн, импорт $542,7 млн болды. Осы кезеңде Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені өнімдерінің Беларуське экспорты 34,9%-ға өсіп, $24,9 млн-ға жетті.
Ендігі міндет – осы өсімді нақты экспорттық жобалармен бекіту. Қазақстан мен Беларусь өнеркәсіп, машина жасау және агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы бірқатар жоба бойынша жұмыс істеп жатыр. Қазақстан өнімдерінің Беларусь нарығындағы қосымша экспорттық әлеуеті $80,1 млн-ға бағаланады.
2026 жылдың қаңтарында Минскіде Қазақстанның «Қазақ Трейд Хаус» сауда үйі жұмысын бастады. Ол қазақстандық тауарларды Беларусь нарығына шығаруға және экспорттық жобаларды сүйемелдеуге мүмкіндік береді. Қазір мұнда сегіз қазақстандық өндірушіден тұратын жеткізушілер пулы қалыптастырылған. Оның ішінде жылына 20 жүк көлігіне дейін, жалпы құны $300 мыңға дейін өнім жеткізу мүмкіндігі бар.
Азық-түлік өнімдері бойынша Беларусьтің ең ірі сауда желілерінің бірі «Еврооптқа» тауар жеткізу мәселесі пысықталуда. Қазірдің өзінде өсімдік майы, сүт өнімдері, сусындар, минералды су, ұн, жарма және ет консервілерін жеткізу мүмкіндіктері қарастырылып жатыр.
Теміржол-машина жасау саласында да байланыс жолға қойылған. «Проммашкомплект» ЖШС Беларуське тұтас илемделген теміржол дөңгелектерін жеткізіп келеді. Ал «Railways Systems Holding» ЖШС вагондар, рельсті автобустар, қосалқы бөлшектер және басқа да өнімдерді жеткізу бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр.
Бұдан бөлек, Қазақстанда бірлескен өндірістер құруға бағытталған екі жоба пысықталып жатыр. «ПОЖСНАБ» ЖШҚ мен «Автокомпоненты КЗ» ЖШС арнайы өрт сөндіру техникасын өндіруді жоспарлап отыр. Ал «Qaz-Bel Лифт» ЖШС мен «Могилевский завод лифтового машиностроения» ААҚ Ақтөбеде лифт өндірісін іске қосу мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Алдағы кезеңде тараптар нақты келісімшарттарға басымдық беріп, қазақстандық өнімдердің Беларусь нарығына жеткізілу көлемін ұлғайтуды көздеп отыр.
Айта кетейік, Қазақстан Беларусь пен ресейлік әріптестеріне жаңа құтқару технологияларын көрсетті.