Қазақстан Беларуське жоғары қосылған құны бар өнім экспортын ұлғайтпақ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Еуразиялық экономикалық одақтың Агроөнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесінің 7-отырысы аясында Беларусь Республикасының Ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрі Юрий Горловпен екіжақты келіссөздер жүргізді.

Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Ведомствоның хабарлауынша, тараптар агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың негізгі бағыттарын талқылады.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Беларусь арасындағы агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің өзара сауда көлемі 365 млн АҚШ долларына жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 31% өсті. Оң динамика 2026 жылы да сақталып отыр: қаңтар–мамыр айларында агроөнеркәсіптік өнімдердің тауар айналымы тағы 18% артты.

Қазақстан үшін аграрлық экспортты әртараптандыру және терең өңделген өнімдердің үлесін арттыру негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді. Бүгінде Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешен өнімдері экспортында қайта өңделген өнімдердің үлесі 51%-дан асады.

Осыған байланысты Қазақстан тарапы Беларусь нарығына қосылған құны жоғары өнімдер жеткізілімін кеңейтуге мүдделі.

Перспективалы бағыттардың қатарында күнбағыс және мақсары майы, дайын азық-түлік өнімдері, сондай-ақ рапс, күнбағыс және зығырды қоса алғанда, дәнді және майлы дақылдар бар.

— Біз аграрлық экспорт көлемін ұлғайту және оның құрылымын қосылған құны жоғары өнімдер есебінен кеңейту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Қазақстанда Беларусь нарығын тұрақты жеткізілімдермен қамтамасыз ету үшін қажетті шикізат базасы, өндірістік қуаттар және экспорттық әлеует бар, — деп атап өтті министр.

Өз кезегінде Беларусь тарапы агроөнеркәсіптік кешеннің перспективалы бағыттары бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін білдірді.

Өсімдік шаруашылығы саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, селекция және тұқым шаруашылығы, заманауи агротехнологияларды енгізу, цифрлық шешімдер мен инновациялар салаларында тәжірибе алмасуды жандандыру ұсынылды. Мал шаруашылығы саласындағы өзара іс-қимыл да перспективалы бағыттардың бірі болып қала береді.

Қазақстан етті мал шаруашылығы саласындағы өзінің тәжірибесімен бөлісуге дайын. Елімізде заманауи бордақылау алаңдарын құру бойынша ірі жобалар іске асырылды. Олардың қуаты 50 мың басқа дейін жетеді. Сонымен қатар бір мезгілде 10 мың және одан да көп мал басын ұстауға арналған ірі өндірістік алаңдар желісі белсенді дамып келеді.

Өзара іс-қимылды практикалық тұрғыда үйлестіру ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Беларусь бірлескен жұмыс тобы аясында жүзеге асырылады.

Еске салайық, мұның алдында Қазақстанда тауар экспорты мен импортына рұқсат беру тәртібі енгізілетінін хабарлаған едік.