Қазақстан бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтудағы үлесін үдете береді - Президент

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Орталық Азияны бейбітшіліктің, орталығы болуын үнемі ілгерілетіп келеді. Бұл туралы елордадағы Тәуелсіздік сарайында «Орталық Азия – Қытай» ІІ саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

- Қазақстан Еуразияның қақ ортасында орналасқан Орталық Азияны бейбітшіліктің, тұрақты қауіпсіздіктің және нәтижелі өзара іс-қимылдың ошағы болуын үнемі ілгерілетіп келеді. Біз бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға, діни экстремизмге, лаңкестікке, сепаратизмге, есірткі тасымалына, заңсыз қару-жарақ саудасына, заңсыз көші-қонға және адам саудасына қарсы табанды түрде күресуге үлесімізді қоса бермекпіз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент халықаралық киберқылмыстың таралуы проблемасы өңірдегі елдердің ерекше назар аударуын талап ететінін атап өтті.

- Біз киберқауіпсіздік мәселелеріне жауапты ведомство басшылары арасында тұрақты байланыс орнатуды ұсынамыз, - деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Астанада «Орталық Азия – Қытай» ІІ саммиті жұмысын бастады.