ҚХР Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Цзян Биннің айтуынша, үш күндік форумға қорғаныс министрлері мен бас штаб бастықтары дәрежесіндегі 60-тан астам өкіл қатысып отыр.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабеков Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжіңде өтіп жатқан халықаралық қауіпсіздік шарасына келді.
Биыл форум «Тұрақтылық мәселелері бойынша ортақ ұстанымды нығайтып, қауіпсіздік саласындағы басқаруды бірлесіп дамыту» тақырыбымен өтіп жатыр. Бағдарламада төрт пленарлық отырыс, сегіз параллель сессия және жабық семинарлар қарастырылған.
Әр елден жиналған сарапшылар форумның алғашқы күнінде әлемдік тәртіптің көпполярлы сипатын қалыптастыру, жаһандық басқару жүйесін жаңғырту, өңірлік қақтығыстарды реттеу және көпжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ жасанды интеллект саласындағы халықаралық қауіпсіздік мәселесіне назар аударылды.
Айта кетейік, биыл Сяншань форумының құрылғанына 20 жыл толып отыр. 2006 жылы негізі қаланған форум содан бері қауіпсіздік пен қорғаныс мәселелерін талқылайтын жаһандық диалогтың маңызды алаңына айналды.
Бұған дейін Қытайдың 2026 жылы қорғаныс шығындарын 7%-ға арттыратыны хабарланған болатын.
Ақзат Жиеналина