Қазақстан Бейжіңдегі ТХКБ жөніндегі ауқымды кездесуге қатысты

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Бейжіңде Қазақстан делегациясының қатысуымен Транскаспий халықаралық көлік бағытына арналған ауқымды кездесу мен тұрақты көлік мәселелеріне қатысты жаһандық форум өтті. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі хабарлайды.

Фото: Берик Табынбаев/Kazinform

Аталған жиындардың ашылуында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, Бүкілқытай халық өкілдері жиналысының 14-шақырылымы Тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Шохрат Закир,
сондай-ақ Әзірбайжан мен Қырғызстан өкілдері сөз сөйледі.

Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елдің транзиттік-логистикалық әлеуетін арттыруды негізгі бағыттардың бірі ретінде айқындағанын атап өтті.

– Біздің мақсатымыз – Қазақстанды Еуразиядағы көлік-логистика хабына айналдыру. Осы стратегиялық мақсатқа жету үшін «Шығыс – Батыс» және «Солтүстік – Оңтүстік» бағыттарындағы дәліздерді, Транскаспий халықаралық көлік бағытын кезең-кезеңімен дамытып келеміз. Сонымен қатар шекара және порт инфрақұрылымын жаңғыртып, заманауи мультимодальды тасымал қызметтерін қалыптастырып жатырмыз, – деді ол.

Фото: Берик Табынбаев/Kazinform

Қазақстан делегациясының басшысы Транскаспий халықаралық көлік бағытына (ТХКБ) арнайы тоқталып, бұл дәлізді дамыту Қазақстанның көлік саясатындағы басты басымдықтардың бірі екенін айтты. Оның сөзінше, аталған бағыттың дамуы Қазақстанның Еуразиядағы көлік байланысын нығайтуға қосқан нақты үлесі саналады.

– Біздің ортақ міндетіміз – бұл бағытты қауіпсіз әрі тиімді көлік дәлізіне айналдыру. Ол үшін тасымал мерзімі тұрақты, тарифтер бәсекеге қабілетті, ал қызмет көрсету талаптары барлық жерде бірізді болуы қажет, – деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары.

Қытай тарапының өкілі Шохрат Закир Қытайдың Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға айрықша мән беретінін атап өтті. Оның айтуынша, Қытай барлық серіктесімен бірлесіп, осы бағыт арқылы тасымал көлемін арттыруға, тиімділігін көтеруге және оны Еуразиядағы көлік байланысының озық үлгісіне айналдыруға дайын.

Фото: Берик Табынбаев/Kazinform

Оның айтуынша, елдер көлік бағыты бойынша тұрақты әрі көпжақты консультациялық тетік құруы қажет. Инфрақұрылымдық байланысты нығайтып, тасымал мүмкіндігін кеңейту, шекарааралық тасымал ережелері мен кеден талаптарын біріздендіру де маңызды. Сонымен қатар мультимодальды тасымалға арналған цифрлық платформа қалыптастырып, порт маңындағы өндірісті дамыту, жеткізу тізбегін қаржыландыру тетіктерін жетілдіру және бизнестің өзге де бағыттарын жолға қою қажет.

Маршруттың негізгі учаскелеріндегі жұмысты үйлестірудің маңызын ӘзІрбайжан тарапы да қолдады. Елдің вице-премьері Шахин Мұстафаевтың айтуынша, «Орта дәліздің» тиімді жұмыс істеуі үшін бағыт бойындағы мемлекеттердің күш-жігерін үйлестіріп, инфрақұрылымды бір мезгілде дамыту қажет. Бұл ретте «тар тұстарды» жойып, рәсімдерді жеңілдету және цифрлық шешімдерді енгізу де маңызды.

– Әзірбайжан барлық серіктеспен ынтымақтастық орнатуға дайын. Ортақ күш-жігердің арқасында «Орта дәліз» Азия мен Еуропаны жалғайтын сенімді, тиімді әрі тұрақты көлік көпіріне айналады деп сенеміз, – деді ол сөзін қорытындылап.

Өз кезегінде Қырғыз Республикасы Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Эрлист Акунбеков теңізге тікелей шыға алмайтын мемлекеттердің көлік саласындағы мәселелеріне тоқталды. Ол Қырғызстанның өңірлік көлік желісін дамытуға белсенді атсалысып, құрлықтың қақ ортасында орналасқан елдер үшін тасымал кедергілерін азайтуға дайын екенін жеткізді. Бұл Орталық Азия тауарларының әлемдік нарыққа еркін шығуына жол ашпақ.

Бұған дейін Транскаспий бағыты бойынша тасымал көлемі 5,6 есеге өскені хабарланған болатын.