Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» бастамасының басты флагманы - Бақыт Сұлтанов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» бастамасының басты флагманы. Бұл туралы бүгін «Серіктестік: кеден,салық және бизнес» халықаралық форумында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда әлемдік экономиканың дамуы жаһандық жүйенің тұтастығын құруға сеп болатын көпұлтты негізге арналған интеграциялық процестермен сипатталады. Халықаралық экономикалық қарым-қатынас жаңа сапалы деңгейге шығып отыр. Бұл сауданы ырықтандыру және бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасауға негізделеді. Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік сауда ұйымының толыққанды мүшесі ретінде халықаралық сауданың дамуына жәрдемдесу, бизнес саласындағы бәсекеге қабілеттілікті арттыру әрі ашықтықты арттыру бойынша белсенді шаралар қабылдайды», - деп атап өтті министр.
 

Оның атап өтуінше, кедендік процедураларды жеңілдету және үйлестіру туралы халықаралық конвенцияның, Уақытша тасымал туралы Ыстанбұл конвенциясының ережелері мен принциптерін басшылыққа ала отырып, Қазақстанның кеден қызметі қолайлы инвестициялық және кәсіпкерлік ахуалды жақсарту бағытында шаралар қабылдауда.

«Бұған қоса, біздің республика «Белдеу және жол» бастамасында аталған бастаманың инвестициялық бенефициары ретінде ғана емес, сонымен бірге мүдделік танытатын басты коннекторлардың бірі ретінде айрықша орынға ие. Бұған қоса, Қазақстан барлық бастамалардың өзіндік хабы ретінде «Белдеу және жол» жобасының көрнекті флагманы саналады», - деп атап өтті Бақыт Сұлтанов.