Қазақстан біріншілігінде 19 жастағы боксшы Әлем чемпионын жеңді
Бапкер Марат Жәкішевтің шәкірті 26 жастағы спорт шебері және қазіргі ел чемпионы Азамат Исақұлов 52 келі салмақта сенімді түрде келесі айналымға өтті. Бүгінгі бәсекеде ол бірнеше халықаралық жарыстардың жеңімпазы атыраулық Рашид Салауатовпен кездесіп, жеңіске жетті. Енді ол ақтық сайыста осы салмақ бойынша мықтылардың бірі Алматы облысының спортшысы Анвар Музапаровпен рингке шығады. Astana Arlans клубының құрамына енген 25 жастағы Музапаров биыл Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған турнир мен ел чемпионатында үш рет жеңіске жетіп, алтыннан үмітті болып отыр.
Тағы бір ойында жамбылдық 24 жастағы боксшы Асланбек Шымбергенов павлодарлық Аятолла Тәжіқановты ұтып, жартылай финалға жолдама алды. 2016 жылғы Азия чемпионы болған 19 жастағы Тәжіқанов тәжірибелі бокшыға лайықты қарсылас болып, ұлттық құрама бапкерлерінің назарына ілікті. Енді Шымбергеновтің келесі қарсыласы Алматы облысының боксшысы Бекболат Құрамысов болады. Жартылай финалға шыққан өзге жұп бойынша шығысқазақстандық Қанағат Маралов шықты. Оны өткен жылғы ел біріншілігінде Абылайхан Жүсіпов пен Рустам Шаймерденовтер жеңіс жолынан шығарып жіберген еді.
Жартылай финалда сондай-ақ оңтүстікқазақстандық боксшы Нұржан Бекзатов та өнер көрсететін болды. Белгілі болғандай, ол 19 жастағы маңғыстаулық спортшы Айболды Дәуренұлымен қолғап түйістіреді. Егер қарсыласын жеңсе Нұржан Бекзатов ел чемпионы павлодардық Олжас Бұқаевпен жекпе-жекке шығады. Бүгін Бұқаев қысқа мерзімде қостанайлық жас боксшы Данил Семёновты ойыннан шығарып жіберді. Келесі айналымда ол астаналық спортшы Нұрболат Сермахановпен кездесетін болды.
Ал, ринг қожайына Ислам жарысының қола жүлдегері Султан Заурбек 60 келі салмақ дәрежесінде Олипиада қатысушысы, Азия чемпионы Әбдірахмановпен қолғап түйістірді. Алайда 0:5 есебімен жеңіліп қалды. 31 жастағы Әбдірахманов келесі айналымда қазіргі Қазақстан чемпионы Әділет Құрметовпен күш сынасатын болады. Осы салмақтағы екінші айналымда халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «Арлан» клубының мүшесі 29 жастағы Зәкір Сафиуллин қызылордалық Бағдат Уайдаевты тізе бүктірді.
Сонымен қатар, ең тартысты жекпе-жектердің бірі - Олипиаданың екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов пен қызылордалық Қуандық Жүсіптің айқасы болды. Бұл жекпе-жекте Әділбек Ниязымбетов ешбір қиындықсыз 5:0 есебімен тәжірибелі қызылордалық боксшыны тізе бүктірді. Енді Олимпиаданың жүлдегері ел чемпионы болу үшін тағы екі ойында жеңіске жетуі тиіс.
«Барлықтарыңыз көрдіңіздер, Қазақстан чемпионатына барлық жас спортшылар жақсы дайындықпен келген. Өзім Олимпиададан кейінгі алғашқы жекпе-жегімді ойдағыдай аяқтадым. Алда тағы екі ойын бар. Ел біріншілігінен кейін Азия чемпионатына дайындалуды жоспарлап отырмын», - деді Әділбек Ниязымбетов.
Осы салмақ дәрежесінде танымал боксшы, әлем және Азия чемпионы, Азия ойындарының чемпионы, Қазақстанның үш дүркін чемпионы Жәнібек Әлімханұлы күтпеген жерден 19 жастағы қостанайлық спортшы Михаил Коханчиктен 0:5 есебімен есе жіберіп алды. Жекпе-жектен кейін Михаил Жәнібекке жақсы қарсылас болғаны үшін алғысын айтты. Жартылай финалда Коханчик маңғыстаулық боксшы Бекзат Нұрдәулетовпен қолғап түйістіреді.
2017 жылы Қазақстан чемпионатындағы жартылай финалда қолғап түйістіретін жұптардың тізімі:
49 келі
Теміртас Жүсіпов (Ақмола облысы) - Сабыр Жолаушиев (Павлодар облысы)
Жандос Несіпжан (Ақмола облысы) - Шалқар Айқынбай (ОҚО)
52 келі
Азамат Исақұлов (Маңғыстау) - Анвар Музапаров (Алматы облысы)
Абай Қуандықов (Ақтөбе облысы) - Олжас Байниязов (ОҚО)
56 келі
Ильяс Сұлейменов (Астана) - Нұрсұлтан Көшеғұлов (Ақмола облысы)
Жанболат Қыдырбаев (Жамбыл облысы) - Нұрбол Қалжанов (Маңғыстау облысы)
60 келі
Ертуған Зейнуллинов (Алматы облысы) - Закир Сафиуллин (ОҚО)
Әділет Құрметов (ШҚО) - Берік Абдрахманов (Маңғыстау)
64 келі
Қуан Қуатов (Павлодар облысы) - Бекдәулет Ибрагимов (ОҚО)
Сабыржан Бекбергенов (Ақмола облысы) - Санатәлі Төлтаев (Алматы)
69 келі
Асланбек Шымбергенов (Жамбыл облысы) - Бекболат Құрамысов (Алматы облысы)
Рустам Шаймерденов (Қарағанды облысы) - Қанағат Маралов (Астана)
75 келі
Сапарбай Айдаров (Алматы) - Ерік Әлжанов (Маңғыстау)
Владислав Столбовский (Қарағанды облысы) - Абай Төлеш (ОҚО)
81 келі
Әділбек Ниязымбетов (Маңғыстау) - Бек Нұрмағанбет (ОҚО)
Бекзат Нұрдәулетов (Маңғыстау) - Михаил Коханчик (Қостанай облысы)
91 келі
Антон Пинчук (Қостанай облысы) - Абзал Құттыбеков (ОҚО)
Нұрбол Әлтаев (Атырау облысы) - Еркін Мұхамеджан (ОҚО)
+91 келі
Олжас Бұқаев (Павлодар облысы) - Нұрболат Сермаханов (Астана)
Айболды Дәуренұлы (Маңғыстау) - Нұржан Бекзатов (ОҚО)