Қазақстан биыл 15 мың тонна етті экспортқа шығарады

АСТАНА. ҚазАқпарат -  Қазақстан биыл 15 мың тонна етті экспортқа шығарады. Бұл туралы бүгін Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сенен бұрын болған министр Мамытбеков «2016 жылы бүкіл ішкі сұранысты етпен қамтамасыз етемін де, 60 мың тоннаны шетелге шығарамын» деді. Не болды?», - деп сұрады Нұрсұлтан Назарбаев отырыс барысында Өмірзақ Шөкеевтен.

Осы ретте Өмірзақ Шөкеев аталған бағдарлама аясында елімізге 58 мың бас асыл тұқымды ірі қара жеткізілгендігін айтты.

«Ол мал қазір 300 мың болды. Мен барлық есебін алдым. Дәл осы уақытта Ресей 500 мың бас мал сатып алды. Сондықтан бұл бағдарлама дұрыс деп ойлаймын. Мен оны қайта есептеп, өзіңізге беретін боламын. Ал ет экспорты қазір 5 мың тонна болса,  2018 жылы 15 мың тоннаға жеткіземіз», - деді Шөкеев.

«Ресей бізден 10 есе үлкен, онымен салыстырып қайтесің. Сол сатып алған мал орнында ма? Баяғыда Совет үкіметі кезінде де сатып алғанбыз. Содан 10 жылдан кейін ол сиырлар ешкі болып кеткен», - деп атап өтті Елбасы.

Өз кезегінде Шөкеев мұндайға жол берілмейтіндігін айтып, Президентті сендірді.

«Ондайға жол бермейміз. Қазір бізде электронды есепке алу болады. Жаңа технологиялар енгіземіз», - деді ол.

Қазақстан Президентінің дерегінше, 5 жылдың ішінде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 1,2 трлн теңге жұмсалған.