Шығыс дивизионына кіретін 4 команданың Астана қаласы және Павлодар облысының былғары қолғап шеберлері 10 салмақ дәрежелері бойынша шаршы алаңға шығады. Жалпы кубок жарыстарына облыстық бокс федерацияларының спорт клубтары негізінде қалыптасқан Солтүстік, Оңтүстік, Батыс, Шығыс болып төрт аймақтық дивизионға бөлінген 16 команда қатысады.
Бүгін, кездесу алдындағы баспасөз мәслихатында Болат Манкеновтің айтуынша, чемпионаттың негізгі мақсаты - Қазақстанның аймақтарындағы боксты дамыту. «Аймақтық бокс федерацияларының жұмыстарын жүйелі түрде жолға қойған бапкерлеріміз бар, талапты боксшыларымыз бар. Ендігі кезекте бәсекелі ортаны қалыптастыруымыз керек», деді Қазақстанның бокстан мемлекеттік бапкері Болат Манкенов.
Екі команданың да бапкерлері өздерінің боксшыларын сақадай сай деп сендіріп отыр. Құрамалар чемпионат алдында екі рет дайындық жиындарын өткізген.
Астана командасы Павлодар, Өскемен және Талдықорған құрамаларымен бірге «Шығыс» дивизионына кірген.
Бұның алдында Батыс дивизионының Ақтау және Ақтөбе, Атырау және Орал қалаларының боксшылары өзара жекпе жекке түскен болатын. Бұл кездесулерде Ақтау және Атырау құрамалары жеңіске жетті.