Қазақстан бокс федерациясының президенті Әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады

АСТАНА. 31 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада АИБА вице-президенті, Қазақстан бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев бокстан Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасының спортшылары және жаттықтырушыларымен кездесті.

Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметінен хабарланды.

Т. Құлыбаев ұлттық құрама мүшелерін әлем чемпионатында қол жеткізген тамаша нәтижемен құттықтады. 4 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте бірінші орын алған қазақстандық боксшылар алғаш рет рет мұндай жетістікке қол жеткізіп отырғанын атап өткен Қазақстан бокс федерациясының президенті әлем біріншілігінің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, жаттықтырушылар құрамы мен кешенді ғылыми топ мүшелеріне сыйлықтар табыс етті.

Федерация басшысы әлем чемпионатына дайындыққа және оны өткізуге үлес қосқандардың барлығына ризашылығын білдіріп, АИБА президенті Чинг-Куо Ву, осы беделді халықаралық ұйымның басшылығы, ұлттық федерациялардың басшылары Алматыда өткен чемпионаттың ұйымдастырылуына жоғары баға бергенін атап өтті.