Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Asian boxing ұйымының басшылық құрамына енді

Фото: ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM — Бангкок (Таиланд) қаласында бокстан U19 және U22 жасқа дейінгілер арасындағы Азия чемпионаты аясында Азия бокс федерациясының кезектен тыс конгресі өтті. Бұл туралы ҰОК мәлім етті.

Жиын барысында жаңа құрлықтық ұйымның басшылық құрамы сайланды. Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Дархан Қызайбаев Қаржылық және аудиторлық комиссияның төрағасы әрі директорлар кеңесінің мүшесі болып тағайындалды.

Айта кетейік, Дархан Қызайбаев 2024 жылдың ақпан айынан бастап халықаралық байланыстар жөніндегі вице-президент қызметін атқарып келеді. Сондай-ақ, ол 2024 жылдың желтоқсанында Asian Boxing уақытша кеңесінің құрамына сайланған еді. 

Айта кетейік, аталған World Boxing аясында өтіп жатқан Азия чемпионатын Қазақстандық жас боксшылар сәтті бастады. 19 бен 22 жасқа дейінгілер арасында 2025 жылғы Азия чемпионатының алғашқы жарыс күнінде қазақстандық сегіз боксшы сынға түсті.