Қазақстан Болгариямен арадағы қылмыстық сала бойынша соңғы келісімді жүзеге асырмақ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл Болгариямен арадағы қылмыстық сала бойынша соңғы келісім. Бұған дейінгі адамдарды ұстап беру және қылмыстық істер тұрғысында құқықтық көмек туралы шарттарға ратификация жасалды. Шарт сотталған адамдарды өз еліне жазасын өтеу үшін беру және олармен алмасу тәртібін реттейді», - деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов.

Құжаттың талаптарына тоқталсақ, сотталғандарды беру үшін бұл адам екі елдің бірінің азаматы болуы тиіс, сондай-ақ екі елде де қылмыс болып саналатын әрекет үшін сотталған болуы керек.

«Сұрау алынған кезден үкім заңды күшіне енген болуы тиіс және кемінде 6 ай өтейтін уақыты қалуы керек. Соталған адамның жазбаша келісімі болуы тиіс. Осы талаптар сақталмаса, адам берілмейді. Жалпы, екі ел арасында қарым-қатынас жақсы дамып келеді», - деді М. Ахметжанов.

Айта кетейік, мұндай шарттар 21 елмен жасалған.