Қазақстан бойынша интернет желісінде 3D сапарлар ашылады

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Менің елім» ұлттық жобасын жүзеге асыру аясында Қазақстанда жоғары технологиялық танымдық «Қазақстан энциклопедиясы» веб-порталы ашылады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Еуразиялық интеграция институтының директоры Жанаргүл Құсманғалиева айтты.

«Бұл порталда 3D нұсқадағы сапарларды тамашалауға болады, яғни олар - Қазақстан бойынша виртуалды турлар. Сонымен қатар, онда Қазақстан тарихы мен мәдениеті жөнінде ақпарат, қызықты фактілер, анықтамалық географиялық деректер қамтылады», - деді институт директоры.

Оның пайымынша, аталған портал адамдар тарапынан зор қызығушылыққа ие болады. Онда қазақстандықтар мен туристер сайтқа кіріп, еліміз туралы қызықты ақпараттармен танысуға мүмкіндік алады.

«Біз аталған жоба жылдың соңына дейін іске қосылады деп жоспарлап отырмыз. Әрине, желіде осындай көптеген түрлі жобалар бар, бірақ олардағы 3D сапарлар толық қамтылмаған. Бұл сайтта Қазақстан туралы барша ақпарат жинақталады және осында соңғы буынды технологияларды ескере отырып, инновациялық қадамдар пайдаланылады», - деді Жанаргүл Құсманғалиева.