Қазақстан бойынша коммуналдық қызметке деген берешектің ең жоғары көрсеткіші Алматыда тіркелген

АСТАНА. 16 шілде. ҚазАқпарат - Алматылықтардың коммуналдық қызмет үшін дебиторлық қарызы еліміз бойынша ең жоғары болып отыр.

Бұл туралы бүгін селекторлық режімдегі Үкімет отырысында ҚР Өңірлік даму вице-министрі Серік Нокин мәлім етті.

Белгілі болғандай, өткен жылу беру маусымының соңында коммуналдық қызметтер үшін Қазақстандағы тұтынушылардың дебиторлық қарызы 6,5 млрд. теңгені құрады. Ал биылғы 1 шілдеде бұл қарыздар 7,3 млрд. теңгеге жетті. Яғни, өсім 698 млн. теңгені немесе 11 пайызды қамтыды.

Вице-министрдің айтуынша, қарыздың өсімі негізінен Алматы қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облысы есебінен болып отыр.

«Атап айтқанда, Алматы, Астана және ОҚО бойынша қарыздың көлемі 5,7 млрд. теңгені құрады, немесе бұл өңірлер жалпы республика бойынша дебиторлық берешектің 75 пайызына жуығын қамтуда. 1 шілдедегі жағдай бойынша қарыздың ең жоғары көрсеткіші Алматыда - 4,2 млрд. теңге көлемінде»,-деді С. Нокин.

Аталған қарыздарды төмендету тұрғысында Ақмола, Алматы, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында біршама тәуір көрсеткіштерге қол жеткізілген.