«Қазір біз Қызыл Крест және Қызыл Ай қоғамдарының Халықаралық федерациясының қолдауымен «Орталық Азия аймағындағы мигранттар мен миграциядан қайтып келгендердің өмір сапасын жақстартып, өз абыройын қорғауға мүмкіндік беру» деген аймақтық бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Осы бағдарлама аясында жұмыс істейтін Астана, Алматы, Талдықорған, Ақтөбе, Атырау, Семей, Шымкент, Қарағанды қалаларында 8 ақпараттық оқыту орталығымыз бар. Біз мигранттардың құқықтық статусына қарамай, кез келгеніне құқықтық, әлеуметтік, гуманитарлық кеңес береміз. Оның үстіне, халықаралық іздеу салу қызметіне көмектесеміз», - дейді үйлестіруші. Оның айтуынша, Қазақстандағы өзекті - үй қызметшілерінің құқығын қорғау. «Қыркүйек-қазан айларында Астана, Алматы, Шымкент қалаларында үй қызметшілері мен жұмыс берушілерді ақпараттандыру науқанын жүргіздік. Бұл жұмыс тоқтаған жоқ. Осы уақытқа дейін 348 жалдамалы қызметшіге оның құқықтары туралы ақпарат бердік. Олардың ішінде тек 42 адам ғана қол қойылған келісімшарт негізінде жұмыс істейтіні анықталды. Бұл 12 пайызды ғана құрайды», - дейді ол. Оның ақпаратына сүйенсек, жалпы, Қазақстанға келіп, жеке тұлғаларға жұмыс істейтін үй қызметшілерінің ішінде Өзбекстаннан келген мигранттардың саны 55%-ды, Қырғыз Республикасының елінен келген адамдардың үлесі 22%-ды, Украинадан келгендері - 1%-ды, Тәжікстаннан келген мигранттар 2%-ды құраған. «Ал ішкі миграцияға тоқталатын болсақ, жалпы жұмысшылардың ішінде үй қызметшілерінің үлесі 22 пайызды құрайды», - деді сөзін түйіндеген ол.
19:45, 12 Қараша 2015
Қазақстан бойынша үй қызметшілерінің 12%-ы ғана еңбек шартына сай жұмыс істейді - А.Құмашева
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның ең ірі үш қаласында жүргізілген зерттеу жеке тұлғалардың үйінде жұмыс істейтін адамдардың тек 12 пайызы ғана жұмыс берушімен ресми түрде еңбек келісімшартын жасасқанын көрсетті. Бұл туралы бүгін Астанада Қазақстан Республикасындағы Қызыл Ай Қоғамы, Кәсіподақтар Федерациясы, «БҰҰ-Әйелдер», Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, Ішкі істер министрлігі, үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен өткен ұлттық консультативтік кеңес барысында Қызыл Ай қоғамының «Еңбек миграциясы» бағдарламасының үйлестірушісі Айгүл Құмашева мәлім етті.