Қазақстан бітімгершілік миссиясының географиясын кеңейтті

Өтіп бара жатқан жылдың ішінде Қазақстан бітімгершілік миссиясы географиясын кеңейтті. Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Kazinform

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында спикер еліміздің Қарулы күштерінің әскери қызметшілері 24 халықаралық оқу-жаттығу мен жарыстарға, оның ішінде бақылаушы ретінде де қатысқанын атап өтті.

«2018 жылға дейін Қазақстан Республикасының міндеттемелері бақылаушы және штаб элементтері ретінде ғана БҰҰ миссияларына қатысумен шектелді. Бүгінгі таңда БҰҰ-ның Ливандағы миссиясының үнді бітімгершілік батальоны құрамында қазақстандық бітімгершілік бөлімшені орналастыру тәжірибесі бар. Байқаушылар мен штаб офицерлерінің бітімгершілік миссиясына қатысуының сандық құрамы кеңейтілді», — деді генерал-лейтенант.

Сұлтан Камалетдиновтің айтуынша, осы уақыт аралығында қазақстандық бітімгер бөлімшесінде 607 әскери қызметші қызмет атқарды.

Оның ішінде 7 әйел бар.

Қазіргі уақытта Қазақстан Қарулы күштерінің бітімгер миссияларына 19 әскери қызметші қатысып жүр.