Қазақстан бүкіл әлемге елде белсенді дамыған азаматтық қоғам бар екенін, Астананың демократиялық өзгерістерге ұстанған бағытының тұрақтылығын көрсетті - М Жарбосынова

РШАВА. 10 қазан. ҚазАқпарат /Тимур Бектұрғанов/ - Польша астанасында өтіп жатқан ЕҚЫҰ-ның Шолу конференциясында Қазақстан бүкіл әлемге елімізде дамыған және белсенді азаматтық қоғам бар екенін,

Астананың демократиялық өзгерістерге ұстанған бағытының тұрақтылығын, сонымен қатар Қазақстан тарапының гуманитарлық өлшемдердегі халықаралық міндеттерге берік екенін көрсетті.

Бұл туралы Варшавада өткен ЕҚЫҰ-ның Шолу конференциясы аясында жұма, 7 қазан күні жыл сайынғы жұмысын аяқтаған халықаралық құқық қорғау конференциясының соңғы сессиясында сөз ала отырып, Қазақстан делегациясының басшысы, Ерекше тапсырмалар жөніндегі ҚР елшісі Мәдина Жарбосынова мәлім етті.

М.Жарбосынованың атап өткеніндей, былтыр ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен Қазақстан басқа елдер үшін үкіметтік емес ұйымдармен арадағы сындарлы диалогты дамытуға мемлекеттің дайын екенін басқа елдерге үлгі қылып көрсетті. Біздің еліміз ҮЕҰ-лардың қатысуымен демократиялық реформалар мәселелері жөнінде бірқатар ішкі және халықаралық іс-шараларды өткізуге ұйытқы болған.

«Астанада өткен саммитте біздің елдеріміздің басшылары «ЕҚЫҰ қызметінің тиімділігін арттыру жөніндегі жұмыстарды жалғастыруға» келісімге келгенін есепке ала отырып, біз Ұйым құрамындағы барлық мемлекеттерді осы халықаралық құрылымның гуманитарлық саласын белсенді жетілдіруге шақырамыз», - деді сөзінің соңында елші.