Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл үшжақты келісімнің мақсаты - Қазақстандағы ұлттық спортты дамытуда бірге жұмыс істеу және 2021 жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай тұңғыш рет Бүкіләлемдік этноспорт ойындарын ұйымдастыруға ниеттестік білдіру.
Еске сала кетсек, 2021 жылы ЮНЕСКО аясында алғаш рет әлемдік этноспорт ойындарын өткізу жоспарланып отыр. Бұл бәсекені ұйымдастыруға лайықты төрт мемлекеттің қатарында Қазақстан да бар.
«Дәстүрлі спорттық жарыстар - тарихи мұраның ажырамас бөлшегі. Қазақстан ұлттық спорт түрлеріне айрықша көңіл бөліп отыр. ЮНЕСКО аясында тұңғыш рет өтетін Ұлттық спорт түрлері Олимпиадасында қазақстандық тараптың үлкен ынтасы мен халық дәстүріне құрметпен қараймыз. Менің ойымша, бұл ойындарды өткізуде Қазақстанның мүмкіндігі мол. Бір кездері Грекия тұңғыш Олимпиаданың отанына айналып, тарихта қалып еді. Қазақстан да ЮНЕСКО ойындарын алғаш рет өткізген мемлекет бола алады. Бұл ЮНЕСКО-ға ұйымның басты мақсатын - халықтар мәдениетін сақтау және дамытуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - дейді Халил Ахмед Хан.
Айта кетейік, 1-2 маусым күндері Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу аясында теңге ілуден II, аударыспақтан III Азия чемпионаты өтеді. Ондағы жалпы жүлде қоры - 14 млн теңге.
Аталған спорттық шараларға ЮНЕСКО-ның Дәстүрлі спорттар мен ойындар комитеті өкілдері қатысады.