Бұл шешім Азия-Тынық мұхиты аймақтық тобының Женева қаласында өткен кездесуінде қабылданды. Азия тобының БҰҰ АҚК мүшелері мен бақылаушылары Қазақстан кандидатурасын қолдады.
Кеңес құрамына 47 мемлекет кіретіні белгілі. Олар әділ географиялық бөліну бойынша сайланады. Бүгінде Азия-Тынық мұхиты аймақтық тобы БҰҰ АҚК ішіндегі ең ірісі.
Кездесуде Женевадағы БҰҰ бөлімшесі жанындағы ҚР Тұрақты өкілі, Елші Мұхтар Тілеуберді қатысушыларды адам құқығының сақталуы саласындағы елдің жетістіктерімен таныстырды. Сонымен қатар БҰҰ адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасымен ынтымақтастық дамуда. ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың шақыруымен 2015 жылы жуырда тағайындалған Жоғарғы комиссар, Ханзада Зейд Раад Зейд әл-Хуссейннің біздің елге келуі күтілуде.
Женевадағы ҚР Тұрақты өкілі БҰҰ адам құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары қызметіне 2015 жылдың 1 қаңтарынан кіріседі.