Қазақстан БҰҰ алаңында волонтерлікті дамыту тәжірибесін таныстырды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Германиядағы БҰҰ Волонтерлер бағдарламасының штаб-пәтерінде волонтерлікті дамытудағы бастамаларын таныстырды.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Бонн қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының Волонтерлер бағдарламасы аясында Азия елдері серіктестерінің дөңгелек үстелі өтті. Іс-шараға өңір мемлекеттерінің өкілдері, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығы жиналды.

Дөңгелек үстелге Қазақстан Республикасының делегациясы да қатысып, елде жүзеге асырылып жатқан волонтерлік қозғалысты қолдау шараларын таныстырды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы аясындағы жобалар туралы айтылды.

Жиын барысында волонтерлік қозғалысты дамыту, азаматтарды қоғамдық бастамаларға кеңінен тарту және қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру мәселелері кеңінен сөз болды. Қатысушылар Қазақстанның бұл бағыттағы тәжірибесін жоғары бағалап, елдің волонтерлікті дамыту ісінде алдыңғы қатарда келе жатқанын атап өтті.

Кездесуде Қазақстан Волонтерліктің жаһандық индексін енгізуге қатысатын пилот елдердің бірі болатыны айтылды. Бұл бастама волонтерлік қызметтің қоғам дамуына қосқан үлесін жан-жақты бағалауға мүмкіндік беріп, халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал етеді. 

Айта кетелік Орталық Азия елдері экологиялық волонтерлікті дамыту жөнінде резолюция қабылдаған еді