Қазақстан БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құруды көздеп отыр

АСТАНА.KAZINFORM – ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясы атқарушы хатшысының орынбасары Дмитрий Марьясинмен кездесті.

Фото: ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі

Тараптар су саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың келешегін және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ құрылымы аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасын талқылады.

Министрдің айтуынша, ҚР Президентінің бастамасы Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит аясындағы консультацияларға қатысушылар тарапынан оң қолдау тапқан. Консультацияларға 30-дан астам мемлекет пен 20 халықаралық ұйымның шамамен 140 өкілі қатысты.

Қазіргі уақытта биылғы шілде айында Нью-Йоркте өтетін БҰҰ-ның Тұрақты даму жөніндегі жоғары деңгейлі саяси форумы алаңында халықаралық консультациялардың екінші кезеңін өткізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

- Су мәселелерін шешудің орнықты тәсілдерін ілгерілету және өңірлік ынтымақтастықты нығайту бағытында Орталық Азия елдеріне тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқан БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясына алғысымызды білдіреміз. Қазақстан ЕЭК-пен әріптестікті жоғары бағалайды және оның қызметіне қатысуды елдің су қауіпсіздігін нығайтудың маңызды тетігі ретінде қарастырады. Қазіргі таңда су ресурстарына қатысты сын-қатерлердің күшеюі жағдайында халықаралық өзара іс-қимылдың, сараптамалық және әдістемелік қолдаудың маңызы артып келеді. Сонымен қатар су саласындағы халықаралық бастамаларды ілгерілету үшін БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясымен ынтымақтастық әлеуетін тиімді пайдалануға мүдделіміз, - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Айта кетейік, осыған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжанов Қазақстанның су тапшылығы қаупінің алдында тұрғанын айтты.