Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Ауғанстан жөніндегі отырысына қатысты
Отырыс жуырда Кабулда болған терактіден көз жұмғандарға арналған бір минут үнсіздікпен басталды. Кеңес мүшелері жасалған шабуылдарды айыптады және халықаралық қауымдастықты террористік қауіп-қатермен күресте күш біріктіруге шақырды.
Өз сөзінде БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасының тұрақты өкілі Қайрат Омаров еліміздің тұрақты, қауіпсіз жәнен гүлденген Ауғанстан тұжырымдамасынан айнымайтынын баса айтты. Ол Ауғанстандағы жағдайды реттеу барысында ауғандықтардың қатысуымен және жетекшілігімен саяси үдеріс өткізу қажеттігін және халықаралық қауымдастық пен аймақтағы мемлекеттерді тарту керектігін атап өтті.
Қ.Омаровтың айтуынша, Ауғанстандағы жағдай лаңкестіктер актілердің жоғары қаупіне және есірткінің заңсыз өндіріліп, таралуына байланысты әлі де тұрақсыз. Бұл тұтас Орталық Азия аймағы үшін қауіпті. Сонымен бірге, ол БҰҰ Ауғанстанға жәрдем беру жөніндегі өкілдігінің және есірткі мен қылмыс жөніндегі БҰҰ басқармасының жұмысына жоғары баға берді.
Қауіпсіздік пен даму мәселелері арасындағы тығыз байланысқа басымдық түсіре отырып, қазақстандық делегация Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ауғанстан жәрдем беру және аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі бастамаларына Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің назарын аударды.
Одан бөлек, дипломаттар Алматыда Ауғанстан мен өзге де орталықазиялық мемлекеттерге гуманитарлық және экономикалық көмек көрсетуді ұйымдастыра алатын БҰҰ аймақтық орталығының халықаралық құрылымдар негізінде жасалған жобамен мұқият танысуды ұсынды.
Ауғанстанға қазақстандық көмектің контексінде көлемді білім беру бағдарламасы туралы да еске салып өткен жөн. Бағдарлама аясында мыңға жуық ауғандық жастар Ауғанстанда аса жоғары сұранысқа ие мамандықтар бойынша Қазақстанда сапалы білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Одан бөлек, 2017 жылдың ақпан айында Кабулда Қазақстан, Жапония және БҰҰ Даму бағдарламасының ауған әйелдерінің экономикалық дербестігін нығайтуға және олардың Қазақстанда мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау бойынша білім алуына бағытталған бірлескен жобасы таныстырылды.
Отырыс 2017 жылы 10 наурызда өтті.