«Әлемдік демографиялық перспективалар» баяндамасына сәйкес, 65 жастан асқан адамдардың саны басқа жас топтарымен салыстырғанда жылдам өсіп жатыр.
Болжам бойынша, 2050 жылы 65 жастан асқан егде жастағы халықтың үлесі 16%-ға өседі және 5 жасқа дейінгі балалар санынан екі есе артып, 12 жасқа дейінгі балалар санымен теңеседі.
Қазақстандағы жағдай әлемдік трендке сәйкес келіп отыр, 5 жыл ішінде елімізде қарттардың үлесі 22,2% өсті.
Айта кетсек, БҰҰ стандарттары бойынша 65 жастан асқан қарттардың үлесі 7%-дан жоғары болса, қартайған ел саналады. Ал Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде 65 жастан асқан адамдардың саны 1 771 909 немесе 8,8%. Бұл Қазақстанның қартайған елдердің қатарына кіргенін айқындайды.
Еліміз бойынша қарттардың тұрғылықты жері және әлеуметтік-демографиялық көрсеткіштеріне келсек:
- егде жастағы халық көбінесе қалада тұрады (65%), қалғаны ауылда (35%);
- демографиялық бөліністе еркектерден (37%) әйелдер көп (63%);
- 65 жастан асқан адамдардың көбі Алматы қаласында (205 586), Қарағанды (139 449) және Түркістан облысында өмір сүріп жатыр (121 299);
- ең аз көрсеткіш Маңғыстау (42 353), Атырау (44 203) және Ұлытау облыстарында (20 356).
Қазақстанда жиынтық зейнетақының орташа мөлшері – 131 872 теңге.
Мемлекеттік қолдаудың басқа шаралары да қарастырылған:
- табысы төмен немесе өмірлік қиын жағдайға тап болған қарттарға арналған әлеуметтік жәрдемақылар;
- тұрғын үй мәселесін реттеу, емдеу немесе тұрмысын жақсарту сияқты арнайы қажеттіліктерге арналған біржолғы жәрдемақылар;
- ауруханаларда тегін медициналық көмек және емдеу;
- газ тарту жабдықтарын орнатуға жұмсалған шығындарды өтеу;
- санаторийге жолдамалар тағы сол сияқты.
Жергілікті атқарушы органдар қарттарға белсенді қолдау көрсетіп, мерекеге орай біржолғы қаржылай төлем жасайды, алайда оның көлемі бюджеттің жай-күйіне байланысты. Мысалы, Астанада 2,5 айлық есептік көрсеткіш (9 230 теңге) көлемінде, Ақмола облысында 2 АЕК-тен 5 АЕК-ке дейін (7384 теңгеден 18 460 теңгеге дейін) төлейді. Павлодар облысында 2 АЕК-тен 3 АЕК-ке дейін (7384 теңгеден 11 076 теңгеге дейін) төлем қарастырылған. Ақтауда 70 жастан асқан зейнеткерлерге 2 АЕК көлемінде төлем жасалады.