Осылайша, Қазақстан мұндай күрделі ота жасалатын әлемдегі төртінші ел атанды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
«2012 жылғы 12 қыркүйекте Алматыдағы №7 қалалық клиникалық ауруханада тұңғыш рет бір уақытта бүйрек пен ұйқы безін трансплантациялау отасы жасалды. Бұл операцияның ерекшелігі сол, Қазақстан мұндай күрделі ота жасаған дүниежүзіндегі төртінші мемлекет атанып отыр. Бұған дейін медицинадағы мұндай үлкен жетістікке АҚШ, Оңтүстік Корея және өткен жылы Италия ғана қол жеткізген еді», - делінген баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Министрліктің хабарлауынша, операцияны отандық дәрігерлер Оңтүстік Кореядан шақырылған профессор Квон Те Пактың қатысуымен жасаған. Жалпы, ота 10 дәрігердің күшімен атқарылып шықты. Бір уақытта екі бірдей операция залында қатар жүріп, бірінде лапароскопиялық әдіспен органдар, алдымен бүйрек, сосын ұйқы безі алынған. Ал екінші залда органдарды науқасқа салу шарасы жүргізілген. Сонымен қатар, жеке үстелде мамандар органдардың өзін дайындаумен де айналысыпты.
Осылайша 16 жасынан бері қант диабеті дертіне шалдығып, өткен жылдан бастап бүйрек жетіспеушілігіне душар болған 28 жастағы науқасқа алғашқы күрделі ота жасалған. Оған донор болуға 24 жастағы інісі келіскен. Доктор Кван Тэ Пак қазақстандық мамандар мұндай бірегей оталарды өздері де жасауға дайын екенін атап көрсетті. Кореялық дәрігер «Біздің Оңтүстік Кореяда мұндай операциялар әдетте, 8 сағатқа созылады. Ал Қазақстанда небәрі 6 сағаттың ішінде атқарып шықтық. Бұл әрине, клиниканың жақсы жарақтандырылғаны арқасында мүмкін болды. Мұнда күрделі ота жасауға қажеттің барлығы бар және қазақстандық әріптестерімнің кәсіби шеберлегін ерекше айтым келеді» деді ол.
Болашақта инновациялық емдеу әдістерін енгізу үшін осындай шеберлік-кластарын өткізу, жылдың соңына дейін Алматыдағы №7 қалалық клиникалық ауруханада бауыр трансплантациясын жасау жоспарланып отыр. Алған қойған мақсаттарды іске асыру органдарды трансплантация жасау үшін шетелдерге баратын азаматтар санын қысқарту арқылы бюджет қаржысын елеулі түрде үнемдеуге мүмкіндік бермек.