Қазақстан былтыр іздеуде жүрген 47 шетелдік қылмыскерді ұстап берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Бас прокуратурасы 2013 жылы шетелдік мемлекеттерге іздеуде болған 47 шетелдік қылмыскерді ұстап берді. Cонымен бірге, шетелдерден еліміздің 28 азаматын бұдан әрі жазасын елімізде өтеуге қабылдап алды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарланды.

Баспасөз хабарламасында айтылғандай, Қазақстанның Бас прокуратурасы жыл сайын қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек сұраған шетелдік мемлекеттердің шамамен 600 өтінішін қанағаттандырып келеді. Сонымен қатар, Қазақстанның прокуратура органдары жыл сайын қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек сұрап шетелдік мемлекеттерге шамамен 700 өтініш жолдайды. «Прокуратура шетелдік мемлекеттердің құзырлы органдарымен қылмыскерлерді экстрадициялау мәселесінде белсенді өзара әрекеттестікті жүзеге асырып жатыр. Атап айтқанда, соңғы үш жылда 15 шет мемлекеттен қылмыскерлерді беру туралы 300-ге тарта сұранымдар қанағаттандырылған. Дәл осы аралықта Қазақстанның Бас прокуратурасының қылмыскерлерді беру туралы 200-ге тарта өтініш-талаптарын шетелдік мемелкеттердің құзырлы органдары қанағаттандырды», - делінген баспасөз ақпаратында.