Қазақстан бюджетінің әлеуметтік шығыны өсіп келеді

Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Экономикалық зерттеулер институты Қазақстанның 2022–2024 жылдардағы мемлекеттік бюджетінің әлеуметтік шығындарын есептеп көрді

Қазақстанда мемлекеттік бюджеттің әлеуметтік шығындарына білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамтамасыз ету, мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы шығын кіреді.

2022-2024 жылдары Қазақстанның мемлекеттік бюджетінен әлеуметтік шығын 41,9%-ға: 2022 жылы 13,1 трлн теңгеден (барлық бағыт бойынша шығынның 61,0%-ы, ЖІӨ-нің 12,7%-ы) 2024 жылы 18,6 трлн теңгеге дейін (барлық бағыт бойынша шығынның 61,4%-ы, ЖІӨ-нің 13,8%-ы) артқан.

Білім беру саласына жұмсалған шығын 48,3%-ға ұлғайған — 2022 жылы 4,5 трлн теңге болса (барлық әлеуметтік шығынның 34,5%-ы), 2024 жылы 6,7 трлн теңгеге дейін (36,0%) өскен.

Денсаулық сақтау саласына кеткен шығын 18,4%-ға өсті — 2022 жылы 2,1 трлн теңгеден (16,1%) 2024 жылғы 2,5 трлн теңгеге дейін (13,4%) өзгерген.

Әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша шығын 34,2%-ға көбейген — 2022 жылғы 4,5 трлн теңгеден (34,3%) 2024 жылғы 6 трлн теңгеге дейін (32,4%).

Мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістік бойынша шығын 45,5%-ға көбейді — 2022 жылы 0,7 трлн теңгеден (5,3%) 2024 жылы 1,0 трлн теңгеге дейін (5,4%).

Сонымен бірге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа жұмсалған шығын 82,3%-ға көбейген — 2022 жылғы 1,3 трлн теңгеден (9,9%) 2024 жылғы 2,4 трлн теңгеге дейін (12,8%) өсім бар.

Бұған дейін еліміздегі бюджет жүйесін қандай өзгерістер күтіп тұрғаны хабарланған еді