«Мен өмірімде алғаш рет Қазақстанға келіп тұрмын. Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында бірінші рет қазақ күресінен бағымды сынадым. Бұл мен үшін ұмытылмас сәттер болып қалары анық. Өз елімде Корей күресімен айналысамын. Ал қазақ елінде алғаш рет қазақ күресінен бағымды сынап көрдім. Өкінішке қарай, бірінші белдесуімде жеңіліс таптым. Бірақ, ұтылып қалсам да өзімдік тәжірибе алдым деп ойлаймын. Қазақ күресінің қандай күрес екенін көрдім, түсіндім. Осыған дейін ережелерін, әдіс жасау қағидаларын видеолардан қарап, өз бетімше үйренген едім. Міне, бүгін өз көзіммен көрдім», - деді балуан қыз.
Сонымен қатар, Қазақстан өзі ойлағаннан да дамыған ел екенін көріп, қатты таңғалғанын атап өтті.
«Мен Қазақстанды халқы аз, шағын, аса бір дамымаған ел екен деп ойладым. Келгенде бәрі басқаша көрінді. Қазақ елі біз ойлаған деңгейден әлдеқайда дамып кеткен ел екенін көріп қатты таңғалдым. Астаналарыңыз қандай әдемі. Халықтарыңыз қандай қонақжай! Маған бәрі-бәрі қатты ұнады. Көшпенділер ойынын да өте жоғары деңгейде ұйымдастырып жатқандарыңыз көрініп тұр. Мен бұйырса, қазақ күресін толық меңгеріп, тағы да елдеріңізге жарысқа келгім келеді», - деді кореялық балуан О Джи Хен.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының үшінші күні өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы әзірге 21 алтын, 10 күміс, 17 қола (48) медальмен жалпы есепте көш бастап келеді.