Қазақстан чемпионатында жүлделі орыннан үміттіміз – «Жайық» волейбол клубының капитаны

ОРАЛ. KAZINFORM — Оралдағы «Жайық арена» спорт кешенінде волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының қорытынды кезеңі өтіп, жеңімпаз-жүлдегерлер анықталады. Осыған орай Kazinform тілшісі «Жайық» волейбол клубының және Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Виталий Вориводинмен әңгімелескен еді.

Фото: Виталий Вориводиннің жеке мұрағатынан

- Виталий, волейболға қалай келдіңіз, алдымен сол жөнінде айтсаңыз?

- Мен осы Орал қаласында туып-өстім. Облыс орталығындағы № 3 орта мектепте білім алдым. Әуелі пионерболмен шұғылданып, сол арқылы волейболға келдім. Көптеген ойыншылардың қанаттанып, түлеп ұшуына себепкер болған Александр Андрияновтың көзіне түстім. Сан Саныч «Жастар» стадионы қасында болған шағын спорт залында бізді волейболға баулыды. Содан кейін жас бапкер Алексей Чичулин, сондай-ақ жоғары лигада Александр Перегуданың алдынан өттім. Сол кезде Оралдың «Конденсатын» баптаған Игорь Никольченко мені оқу-жаттығу жиынына шақырды. Осылайша, 16-17 жасымда ұлттық лига командасының қатарына іліктім.

Әрине, бәрі бірден бола қоймайды. Арасында жоғары лига ойындарына қатысып, шеберлігімізді ұштап жүрдік. Петропавл қаласында жинақталған Қазақстан жастар құрамасымен (бапкері Марат Шақшақбаев) бірге шетелдегі жарыстарға, тіпті Италияға дейін бардық. 

Фото: Виталий Вориводиннің жеке мұрағатынан

Ал 2008 жылы он сегіз жасымда Қазақстан ұлттық құрамасы сапында жаттығып, өнер көрсете бастадым. Құрама тізгінін қолына алған белгілі бапкер Геннадий Паршин олимпиадааралық кезеңде болашағы бар жастарды дайындауы керек болды. Солардың қатарында жыл сайын оқу-жаттығу жиынына қатысып, тәжірибем молая түсті. 

Оралдың «Конденсат» клубымен бірге Қазақстан чемпионы атанып, біраз табысқа қол жеткіздік.

Мен командадан 2014 жылы кеттім. Ол кезде байырғы волейболшылардың орнын жастар баса бастады. Тәжірибелілерден украиналық байланыстырушы Роман Хандролин болды. Ол әлі күнге «Ақтөбеде» өнер көрсетуде. Романның отандасы Василий Тупчий қазір Францияда жүр.

«Конденсатта» қалғандары жергілікті ойыншылар болды. Бірақ 2015 жылы команда тарап кеткеннен кейін Оралда ұлттық лигада ойнайтын клуб болмады.

Фото: Виталий Вориводиннің жеке мұрағатынан

- Ойыншылардың бәрі жан-жаққа кетті дейсіз ғой?

- Иә, Орал волейболының түлектері басқа командалардың намысын қорғады. Айталық, Антон Кузнецов Алматыға жол тартса, Владимир Прокофьев «ТНК-Қазхром» командасына ауысты.

Петр Чурзин қазіргі кезде Атырауда ойнап жүр. Өткен жылы ширек финалда «Атыраумен» бетпе-бет келген кезде Петя шеберлігімен көзге түсе білді. Атыраулықтар алдымызды орап кетіп, жартылай финалға өтсе, біз бесінші орынды қанағат тұттық. 

- Бесінші орын демекші, команданың бас бапкері Виктор Козик содан қорытынды шығарып, тәжірибелі ойыншыларды шақырды ғой. Соның нәтижесінде «Жайық» биыл тұрақты чемпионатты бірінші орынмен қорытындылады. 

- Команда басшысы Азамат Нұрмұханбетов, БҚО волейбол федерациясының президенті Тілепберген Каюповтың осы ойын түріне ден қойып, қолдауы нәтижесінде Оралда волейбол қайта жанданды деуге болады. Өткен жыл соңында ғана іске қосылған «Жайық арена» спорт кешенінде жаттығу үшін барлық жағдай жасалған. Биыл өз алаңымызда жүлделі орындар үшін таласып көреміз. Бәсекені бірден жартылай финалдан бастаймыз. 

«Жайықта» бірқатар өзгерістер болды. Виталий Эрдштейн көптен бері ұлттық лигада ойнамап еді. Ол бірден тың жігермен кірісті. Сондай-ақ «Павлодардан» Борис Кемпа, либеро Сергей Окунев шақырылды. Өткен жылы «Тараз» құрамында чемпион болған тәжірибелі байланыстырушы Володимир Ковальчук та команданы нығайтты. Бір сөзбен айтқанда, клубта жақсы ахуал орныққан, ұйымшылмыз. 

Фото: Виталий Вориводиннің жеке мұрағатынан

- Қазақстан чемпионатының қорытынды кезеңі Оралда өтетіні, жергілікті жанкүйерлердің қолдауы күш беретін болар?

- Осыған дейін Оралда біріншіліктің жекелеген турлары, кубок ойындары өтіп жүрді. Мұндай деңгейде алғаш рет ұйымдастырылып отыр деп ойлаймын. Сондықтан бар күшімізді саламыз. 

- Клубта өзіңізден басқа жергілікті ойыншылардан Владимир Прокофьев, Айдын Әділбеков бар ғой. Ал бұрын шабуыл шебіне жақын жүрген Евгений Гоф неліктен либеро ретінде бой көрсете бастады?

- Чемпионат барысында либеро Темірлан Нұрмұханбетов жамбасынан жарақат алып қалды. Сондықтан бапкеріміз оның орнына Евгений Гофты қоюды жөн көрді. Жаттығуда, ойында ол допты жақсы қабылдай біледі, қорғанысқа да мығым. Павлодарда өткен турда өзін көрсете білді.

Екіншіден, «Жайықта» бәсекелестік жоғары. Жүлделі орындардан үмітті командалар легионерлер мен тәжірибесі мол, шеберлігі жоғары қазақстандық волейболшыларға көбірек сенім артады. Жас байланыстырушы Самғат Салахиятовты алсақ, ол әзірге жоғары лигада ойнап жүр. Алдағы жылдары қосылып қалар. 

- Спорттық мансабыңызды аяқтағаннан кейін кім боламын деп шештіңіз?

- Шынымды айтсам, әзірше ол туралы ойланып көрмеппін. Бұйырса, әлі де бірнеше жыл ойнаймын.

- Орал волейболының тағы бір түлегі, қазіргі таңда алматылық «Буревестниктің» намысын қорғап жүрген 42 жастағы либеро Қайрат Байбеков әлі күнге сапта ғой?

- Айтатыны жоқ, Қайрат әлі жас сияқты, допты тез қабылдап жатады. Дегенмен шабуылшының рөлі қиындау, көбірек секіріп, жиі қозғалуға тура келеді. Әр орындағы ойыншының ерекшеліктері бар.

- Отбасында өз жолыңызды қуатын ізбасарыңыз бар ма?

- Ұлымның үлкені хоккеймен айналысады. Кішісі үш жаста, бәлкім, соны волейболға беріп көретін болармыз. Бәрін уақыт көрсетеді.

- Әңгімеңізге рахмет! Сәттілік тілеймін.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын бапкердің волейбол деңгейін көтеру үшін туған жеріне оралғаны туралы айтқанын жазған болатынбыз.