НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шымкент қаласында бокстан ерлер арасында Қазақстан чемпионатының финалдық бәсекесі өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аса жеңіл, 49 кг салмақта ақмолалық Теміртас Жүсіпов пен батысқазақстандық Даниял Сәбит шаршы алаңға шықты.
Азия чемпионы, басқа да атақтары жетерлік Т.Жүсіпов 32-де болса, 18 жастағы Д.Сәбит финалға шыққан спортшылардың ең жасы еді.
Бұл бәсекеде төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіске жеткен Даниял Сәбит Қазақстан чемпионы атанды.
Тағы бір жас боксшы, шымкенттік Махмұд Сабырхан 52 кг салмақта олимпиада жолдамасының иегері, түркістандық Сәкен Бибосыновты ұтып кетті.
Ерлер арасында финалдық жекпе-жектер одан әрі жалғасуда.
Еске сала кетейік, Валентина Хальзова олимпиада жүлдегерін ұтқанын, әйелдер арасында барлық чемпиондар анықталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).