Қазақстан чемпионатында қызылордалық ескекшілер жүлделі орыннан көрінді

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Алматы қаласында мектеп оқушылары арасында байдарка мен каноэ есуден «Жылдам қайық» атты Қазақстан Республикасының біріншілігі аяқталды. Еліміздің он бір облысынан келген 1999, 2000, 2001 жылдары туылған және одан кіші жастағы ескекшілер арасындағы сайысқа 170-тен аса спортшы қатысты. Жарыста Қызылорда облысының спортшылары жақсы өнер көрсете білді. Атап айтсақ, каноэде Қожахмет Алтынбек 200 м қашықтықта Валихан Әбдітәліповпен жұптасып жеңіс тұғырынан көрінсе, 500 м қашықтықта екінші болып келді. Ал жекелей сындағы 500 метрлік қашықтықта және эстафетада күміс жүлдеге ие болды. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

500 м қашықтықта жұптасып ескек есуде Валихан Әбдітәліпов пен Қожахмет Алтынбек күміс жүлдегер атанды.

Қыздар арасында Гүлжайна Тыныбекова 200 және 500 метрлік жұптасып ескек есуде және эстафетада үздік шықса, жекелей сында (200 және 500 м) екі күміс жүлдені еншіледі.

Қазақстан біріншілігінен жақсы нәтиже көрсетіп келген жерлестеріміз спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындады. Айта кетейік, облысымызда аталмыш спорт түрінің ашылғанына небәрі 1,5 жыл болса да тынымсыз еңбек пен тұрақты дайындықтың арқасында спортшылар осындай жетістікке қол жеткізіп отыр.