НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Футболдан Қазақстан чемпионатының 17-турында «Қызылжар» Петропавлда Түркістанның «Тұран» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биыл Конференция лигасына қатысқан қызылжарлықтар ел біріншілігінде 15 ұпаймен 13-орынға сырғып кеткен еді. Ал «Тұранның» олардан бір ғана ұпайы артық-ты. Сондықтан қос командаға жеңіс ауадай қажет.
Бірінші таймда есеп ашылған жоқ.
Екінші кезеңде 56-минутта «Тұраннан» Олег Евдокимов есеп ашты. Ойын түркістандықтардың пайдасына шешілетіндей көрінген. Алайда Дарко Зорич төрт минуттың ішінде (83 және 87-минутта) қос голдың авторы атанды. Ал 93-минутта Жиан Мартинс алыстан қақпаны дәл көздеп, матчтың нүктесін қойды – 3:1.
Осылайша, «Қызылжар» қауіпті аймақтан сытылып шықты да, оған «Тұран» түсіп қалды.
Бүгін 17-тур бәсекелері жалғасып жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын ел чемпионатында «Атырауды» ұтқан «Ақжайықтың» оныншы орынға көтерілгенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ «Ақтөбе» турнир кестесіндегі позициясын жақсартты .
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).