Қазақстан чемпионатында жеңіске жеткен боксшы Әлем чемпионатында ел намысын қорғайды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан чемпионатында жеңіске жеткен боксшы Азия және Әлем чемпионаттарында ел намысын қорғайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан бокс федерацияның ақпаратына қарағанда, бүгін Қазақстан бокс федерациясы бапкерлер кеңесінің жиыны өткен. Жиын барысында бокстан мемлекеттік жаттықтырушы Болат Әбдірахманов Павлодарда өтетін Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтындығын айтқан.

«Таяуда (20-27 қарашада) Павлодарда өтетін чемпионаттың қорытындысы бойынша біз халықаралық турнирлерге баратын спортшыларды іріктейміз. Бәсекелестік болуы үшін құрама команданың 3 сапын жасақтаймыз. Осы чемпионатта көшбасшы жоқ салмақ санаттарында жеңіске жеткендер Азия чемпионатына, алдағы уақытта Гамбургте өтетін әлем чемпионатына баратын болады. Бапкерлер кеңесі дене шынықтыру және тактикалық дайындыққа баса мән беруге шешім қабылдады», - деді Әбдірахманов.

Федерацияның хабарлауынша, қыздар боксына да баса назар аударылатын болады. Өйткені, алдағы Токио Олимпиадасында қыздар боксындағы 3 салмақ санатына тағы екеуі қосылады. Сондықтан елімізде өтетін барлық маңызды жарыстарға міндетті түрде қыздар арасындағы жекпе-жектер қосылады.