Қазақстан Черногорияны сенімді серіктес ретінде қарастырып отыр – Қасым-Жомарт Тоқаев

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Черногория арасында екіжақты ынтымақтастық тұрақты дамып келеді. Бұл туралы Черногория Президенті Яков Милатовичпен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Черногория Президентінің осы сапары елдер арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 20 жылдығы аясында өтіп жатқаны ерекше мәнге ие екенін айтты. 

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі шағын құрамдағы келіссөз барысында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ортақ ұстаным расталғанын сөз етті.

Екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен жалғасқан келіссөздер барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық перспективасы талқыланды.

Мемлекет басшысы Черногорияны Қазақстанның Балқан түбегіндегі сенімді серіктестерінің бірі ретінде атады. Сонымен қатар ел басшылығының Еуропа Одағына мүше болуды көздеген сындарлы әрі дәйекті саясатына жоғары баға берді.

– Президент мырза, Сіз реформаларды ілгерілетіп, Еуропа Одағы мүшелігіне үміткер саналатын Черногорияның позициясын нығайтуда маңызды рөл атқарып келесіз. Осы ұлттық стратегиялық мақсатқа жету жолында табыс тілейміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында Черногория Президентін қарсы алды