Қазақстан COP31 конференциясында климаттық инвестициялар платформасын таныстырды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Антальяда өткен COP31 конференциясында климаттық жобаларды қаржыландыру тетігін таныстырды.

Фото: Ақжігіт Шүкібаев/Kazinform

БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясындағы (COP31) Қазақстанның ұлттық павильонында Қазақстанның климаттық инвестициялар жөніндегі елдік платформасы (QCIP) таныстырылды. Жаңа тетік төмен көміртекті экономиканы дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдарды, халықаралық қаржы ұйымдарын, климаттық қорлар мен жеке инвесторларды біріктіруді көздейді.

Платформаның негізгі міндеті — басым климаттық жобалар қоржынын қалыптастыру, олардың инвестициялық тартымдылығын арттыру және ішкі әрі халықаралық қаржы көздеріне қол жеткізуге мүмкіндік жасау. QCIP экономиканың түрлі саласын қамтып, мемлекет, қаржы институттары мен бизнес арасындағы байланысты үйлестіретін бірыңғай алаңға айналмақ.

Платформаға Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігі жетекшілік етеді. Ал оның хатшылық міндеті Жасыл технологиялар және инвестициялық жобалардың халықаралық орталығына (IGTIC) жүктелген.

QCIP-тің негізгі бағыттарының бірі — Қазақстанның Әділетті энергетикалық көшу жөніндегі инвестициялық платформасы (QaJET). Оны Энергетика министрлігі Еуропалық қайта құру және даму банкінің қолдауымен әзірлеп жатыр. Платформа жаңартылатын энергетиканы дамытуға, электр желілерін жаңғыртуға, энергия жинақтау жүйелерін енгізуге және электрлендіру ауқымын кеңейтуге бағытталған. Атап айтқанда, 2035 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерінің қуатын кемінде 10 ГВт-қа жеткізу міндеті қойылған.

Іс-шара барысында ынтымақтастық туралы екі меморандумға қол қойылды. Біріншісі QCIP аясында Жасыл технологиялар және инвестициялық жобалардың халықаралық орталығы мен Қазақстанның Даму банкі арасындағы өзара іс-қимылды көздейді. Екінші құжатқа Энергетика министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі және ЕҚДБ бастаған QaJET серіктестері қол қойды. Бұл құжатқа қол қою салалық платформаның ресми іске қосылғанын білдіреді.

QCIP құру климаттық мақсаттарды жариялаудан оларды халықаралық және жеке капитал тарту арқылы нақты жобаларға айналдыруға бағытталған. Сондай-ақ жаңа тетік Қазақстан экономикасын экологиялық тұрғыдан жаңғыртуға қаржы институттары мен инвесторлардың қатысуын кеңейтуді көздейді.

Еске салайық, бұған дейін БҰҰ-ның COP31 климаттық конференциясы бүгін, 9 қарашада Анталья қаласында басталғанын хабарлаған едік.