Қазақстан дағдарысқа қарамастан инвестициялық тартымды ел ретінде қалып отыр - «Паридж групп» инвестициялық компаниясының президенті

None
АЛМАТЫ. Желтоқсанның 21-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыда  «Қазақстандағы халықаралық инвестициялар.Дағдарыс уақытындағы стратегиялар» тақырыбында конференция өтті,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шараға бірқатар қазақстандық және әлемдік «Паридж групп» инвестициялық компаниясының басшылары қатысты. «Паридж груп» компаниясының президенті Жан Пауло Паридждің айтуынша, Қазақстан дағдарысқа қарамастан инвестицияға тартымды ел ретінде қалып отыр.     «Осыған байланысты біз алдағы уақытта Қазақстанның экономикасының бірқатар салаларына инвестиция салмақпыз», дейді Жан Пауло Паридж.Оның айтуынша, компания Қазақстанның медицина, жол-көлік саласына инвестиция салмақ. «Біздің зерттеулеріміз көрсеткендей, Қазақстанның медицина саласы инвестицияны қажет етеді. Бұл бағытта бірқатар жобаларды жүзеге асырамыз. Сондай-ақ Қазақстан Орталық Азияда жер жағдайы өте қолайлы мемлекет. Ресей, Қытай арқылы Еуропаны Шығыс Азиямен байланыстыратын көлік дәлізі. Сондықтан бұл салаладан да үлкен мүмкіндіктер көріп отырмыз», дейді «Паридж групп» президенті. Ол сондай-ақ жалпы алғанда әлем экономикалық дағдарысты жеңе бастағанын айтады. «Мысалы, былтырғы жылдары Миланның ең әйгілі мейрамханаларында еркін тамақтануға болатын. Қазір кезекке немесе алдын-ала тапсырыс беруге тура келеді. Бұл мысалдың өзі-ақ дағдарысты жеңе бастағанымызды көрсетеді», дейді инвестор.

«Паридж групп» әлемдік инвестициялық жетекші компаниялардың бірі. Қазіргі таңда әлемнің көшбасшы елдерінде банк, жол, көлік, медицина, техника, қаржы сынды 6 сала бойынша инвестициялық ірі жобаларды жүзеге асыруда. Қазақстанда 2006 жылдан бері жұмыс істейді.