«Ұлттық банктің пікірінше, 2018 жылы біз дағдарысқа қарсы іс-шаралардан орнықты даму бағытына көшеміз. Бұл жағдайда таяу жылдарға арналған өсудің негізгі қозғаушы күшін нығайту қажет. Ұлттық банктің және Үкіметтің бірлескен мәлімдемесін қабылдау және келісілген шараларды жүзеге асыру макроэкономикалық саясаттың ұзақ мерзімді мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді мәлімдеме жобасын таныстырған Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев.
Оның айтуынша, өткен жылы инфляциялық процестерді тұрақтандыру саласындағы, сол сияқты Қазкоммерцбанктің және РБК банктің проблемаларын шешу мәселелеріндегі бірлескен іс-қимылды жүзеге асыру елдегі макроэкономикалық ахуалдың жақсаруына ықпал етті.
2017 жылдың 4 тоқсанында төлем балансының ағымдағы шоты нөлдік сальдосына жетті. Негізгі экспорттық тауарлар бағаларының қалпына келуі және дәлме-дәл бағам саясаты 2015, 2016, 2017 жылдарда байқалған тоқсандық ағымдағы шоттың едәуір тапшылығынан алғашқы рет кетуге мүмкіндік берді.
«Бұл елдегі төлем балансында теңгерімсіздік тудырмайтын айырбас бағамының деңгейі дұрыс екенін білдіреді. Сыртқы нарықтағы жағымды жағдай және макроэкономикалық тұрақтылық сақталған кезде біз 2018 жылы оң үрдістер жалғасады деп күтеміз», - деді Данияр Ақышев.