Қазақстан дағдарыстан шығудың тиімді жолын тапты, ендігі міндет - айқын бағдарды баянды ету

None
СТАНА. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - 2009 жыл әлемдік экономика үшін күрделі болды. Соған қарамастан дүние жүзінің экономикасымен тығыз ықпалдасқан Қазақстан сыртқы және ішкі нарықтардағы қиыншылықтарды еңсере отырып, оны аз да болса өсіммен аяқтады. Былтыр көптеген елдердің рецессиядан шығуы ұзаққа созылғаны белгілі. Тіпті өткен жылдың екінші жартысында қалыптасқан оң өзгерістерге қарамастан Еуроаймақ елдерінің, АҚШ-тың, Ресейдің

экономикасы дағдарыстан тиімді қарқынмен шыға алмады.
Бұлар біздің еліміздің негізгі сауда әріптестері әрі инвесторлары болып табылатынын ескерсек, Қазақстанның дағдарыс кезіндегі экономикалық саясаты қиыннан қиыстырылған ұтымды жол болды деп айтуға негіз бар. Жалпы экономикалық дамудағы мұндай ерекшелікті дағдарыс жағдайында Қытай, Үндістан сияқты Азиядағы дамушы елдер де байқатты. Мұның өзі Азия құрылығындағы мемлекеттер дағдарыстан кейінгі кезеңде әлемдік экономиканың даму үдерісін анықтауда жетекші қатарға шығатынын аңғартса керек. Қазақстанның солардың бел ортасынан ойып тұрып орын алуға қазір тамаша мүмкіндік туып отыр. Ол үшін биыл басталатын үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасында межеленген міндеттерді тиімді орындау қажет.

Енді «Қазақстан 2009 жылды қалайша табысты аяқтады», деген мәселеге келетін болсақ, оның өзіндік себептері бар. Бұндай табысқа ең алдымен Үкіметтің, Ұлттық банктің және Қаржылық қадағалау агенттігінің дағдарысқа қарсы шараларын, сондай-ақ Жол картасын тиімді жүзеге асырудың нәтижесінде қол жеткізілді. Дағдарыс жағдайда Үкімет экономиканы ілгері дамытып, банк секторындағы ахуалды тұрақтандыра алды. Жұмыссыздықтың өсуіне де жол бермеді. Халықтың нақты табысы, әлеуметтік төлемдер өсті. Тұрғын үйлерді салу кезінде үлескерлердің проблемаларын шеше алды. Міне осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесі 2009 жылы Ішкі жалпы өнімнің нақты өсімінің 1,1 пайызды құрауына алып келді. Дағдарысқа қарсы шаралар экономиканың қосымша 3 пайызға өсуі қамтамасыз етті. Жылдың қорытындысы бойынша, өнеркәсіпте оң нәтижделерге қол жеткізілді. Мысалы, бұл секторда өндіріс көлемі 1,7 пайызға ұлғайды. Ол негізінен тау-кен өндіру өнеркәсібінің 6,1 пайызға өсуі есебінен болды. Ал, өнеркәсіп өндірісінің өсімі негізінен мұнай мен табиғи газды өндіруді ұлғайту есебінен қамтамасыз етілді. Атап өтерлігі, 2009 жылдың басында өңдеуші өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 8,3 пайызға төмендейді деп болжанған еді. Алайда, бұл саладағы жағдай күткендегіден жақсы болып шықты. Мәселен, өндіріс көлемінің төмендеуі бар-жоғы 4,5 пайызды құрап отыр. Атап өтерлігі, өңдеуші өнеркәсіптегі өндіріс қалпының қалпына келуіне отандық өндірушілердің өнімдеріне деген сұранысты қолдауға бағытталған Үкіметтің шаралары ықпал етті. Өндірісті жандандыру және іскерлік белсенділікті қолдау мақсатында тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуда қазақстандық қамтуды арттыру жөнінде кешенді жұмыстар жүргізілді. Сөйтіп 2009 жылдың қорытындысы бойынша жүйе құрушы кәсіпорындардың тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуларының жалпы көлеміндегі қазақстандық қамтудың үлесі 60 пайызға жетті.

Ұлттық банктің, Үкіметтің және жергілікті атқарушы органдардың инфляцияға қарсы жүргізген шараларының арқасында 2009 жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 6,2 пайызды құрады. Бұл жыл басында жоспарланған 8-8,5 пайыздық дәлізден әлдеқайда төмен. Ал, 2010 жылғы қаңтар айының соңында Қазақстанның таза халықаралық резервтері 51 млрд. АҚШ долларына жетіп отыр. Бұл цифр 2008 жылдың соңында 47 млрд. долларды, ал 2007 жылдың соңында 37 млрд. долларды құраған-ды. Ұлттық қордың 10 млрд. доллар қаржысы дағдарысқа қарсы бағдарламаға жұмсалғандығына қарамастан, еліміздің алтын-валюта активтері қалпына келтірілді, тіпті дағдарыс басталғанға дейінгіден қазір бірнеше миллиард долларға артып отырғанын байқаймыз. Бұл әрине тиімді экономикалық саясаттың жемісі. Осы арада 2009 жылғы ақпанның 4-де ұлттық валютаны девальвациялау туралы қабылданған шешім Ұлттық банктің алтын валюта резервтерін сақтап қана қоймай, тіпті оны ұлғайтуға мүмкіндік бергенін айта кеткен жөн.

Дейтұрғанмен де, жоғарыдағы цифрлар арқаны кеңге салып, тоқмейілсуге негіз болмауы тиіс. Себебі, сарапшылардың болжамынша, оң өзгерістерге қарамастан сыртқы және ішкі макроэкономикалық тәуекелдер әлі де болса сақталып отыр. Әлемдік экономиканың баяу қалпына келуі, әлемдік тауар нарығындағы баға конъюктурасының өзгеру мүмкіндігі, тұтыну нарығындағы сұраныстың аз болуы осының негізгі себептері болып отыр. Сондықтан да Қазақстан Үкіметі осы жағдайларға байланысты, күш-жігерін макроэкономикалық тұрақтылықты қолдауға және дағдарыстан кейінгі дамуға қолайлы жағдайлар жасауға бағыттамақ. Бұл ретте дағдарыстан кейінгі кезеңде табысты даму үшін ағымдағы жылы бірқатар міндеттерді шешу керек болыпт тұр. Соның біріншісі, 2020 жылғы дейінгі стратегиялық жоспарды жүзеге асырудың негізгі құралдары - мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу болып табылады. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, қазіргі уақытта мемлекеттік бағдарламалар тізімінің жобасы әзірленіп қойған. Үкімет енді оларды әзірлеуге кірісетін болады. Қазіргі таңда Үкіметке Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның жобасы енгізіліп қойған. Оны жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдар 11 салалық бағдарламаны және 23 мастер-жобаларды әзірлемек. Бұнда секторлық шаралар нақыланады, ал аумақтарды дамыту бағдарламаларында индустрияландыруды қолдаудың өңірлік шаралары нақтыланбақ. Осы орайда өңірлерде аумақтарды дамыту бағдарламасы әзірленетінін айтып өткен жөн. Бұл құжаттар 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспардың, мемлекеттік және салалақ бағдарламалардың негізгі ережелерімен ықпалдастырылуы тиіс.

Екіншіден, кәсіпкерлікті, ең алдымен шағын және орта бизнесті дамыту Үкіметтің 2010 жылғы қызметіндегі басымды бағыттардың бірі болып табылады. Бұл орайда Үкімет үдемелі индустрияландыруды қолдау үшін төрт бюджеттік бағдарламаны әзірлеп жатыр. Олар: өңірлердегі кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Бизнестің жол картасы-2020», шикізаттық емес экспортты ынталандыруға арнаған «Экспортшы-2020», ірі инвесторларды тартуға арналған «Инвестор-2020», сондай-ақ экономиканың өнімділігін арттыруға және технологиялық жаңғыруға арналған «Өнімділік-2020» бағдарламалары. Сонымен қатар, биыл 2001-2013 жылдарға арналған Жалпы сипаттағы трансферттер туралы заң әзірленетін болады. Өңірлерге мақсатты трансферттерді беру жүйесін жетілдіру бағытында республикалық және жергілікті бюджеттердің есебінен жобаларды бірлесіп қаржыландыру механизмі енгізілмек. Осы жылы сондай-ақ мемлекет пен жекеменшік серіктестігін дамыту тұжырымдамасы және оны жүзеге асыру жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған жоспар бекітілетін болады. Ол қабылданысымен өңірлік деңгейдегі жобаларды жүзеге асыру кезінде мемлекет пен жекеменшік серіктестігі құралдарын ілгерілету тәсілдері, мемлекеттік қолдау шаралары жүйелендіріледі. Бұдан бөлек қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгертулерді енгізу арқылы арнайы жобалық ұйымдарды құру үшін жобалық қаржыландыру қағидатын енгізу көзделіп отыр.

Әрине, мұндай кешенді жұмыстар тиімді бақылауды қажет етері сөзсіз. Сондықтан да бұл үдерісті үнемі назарда ұстап, жағдайға қанығып отыру үшін Қазақстанда Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бойынша республикалық біртұтас басқару орталығы құрылатын болады. Оны Үкімет басшысының өзі басқармақ. Бұған қоса инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысын бақылау жөніндегі өңірлік басқарушы орталықтар құрылады. Барынша маңызды ірі жобалар бойынша арнайы жобалық топтар өмірге келеді. Оларды министрліктердің, мемлекеттік холдингтердің және ұлттық компаниялардың басшылары басқарады. Республикалық басқару орталығының отырысын айына бір мәрте өткізу жоспарланып отыр. Онда тиісті жауапты органдар және ұлттық компаниялар басшыларының есептері тыңдалатын, сондай-ақ жобалардың нәтижелері туралы ақпараттар ұсынылатын болады. Республикалық басқару орталығының 2010 жылғы маңызды міндеті - ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында жоспарланған жобалардың іске қосылуын, екінші міндеті - жыл соңына дейін жоспарланған жобалардың іске қосылуын қамтамасыз ету. Ал үшінші міндеті - 2010 жылға жоспарланған жаңа жобалардың құрылысын бастау. Әрбір жобаға нақты мониторинг жасау үшін тәуелсіз сарапшыларды және бизнес қоғамдастықты тарту жоспарланып отыр.

Сайып келгенде осы жұмыстар Қазақстанның дағдарыстан кейінгі кезеңде дамуына алғышарттар қалыптастыруы тиіс. Сол алғышарттарды тиімді пайдаланып, экономикалық дамуында «жойқын секіріс» жасайтын болса, онда Қазақстанның келешекте Қытай мен Үндістан сияқты әлемдік экономиканың даму үрдісін анықтайтын Азиядағы жетекші мемлекеттердің қатарынан табылуға зор мүмкіндігі бар.