Қазақстан дәлізі Қытай үшін бірден-бір қауіпсіз бағыт болып тұр - Тұрсынхан Зәкенұлы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ертең елімізге Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мемлекеттік сапармен келеді. Осыған байланысты тарихшы, қытайтанушы Тұрсынхан Зәкенұлы бұл сапардың мән-мазмұны мен екі елдің басшылары талқылауы мүмкін мәселелерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары халықаралық қарым-қатынас саласындағы бетбұрыс кезеңінде және әлемдік экономиканың тербеліс жағдайында өтейін деп отыр. Сондықтан бұл сапардың мән-маңызы ерекше. Меніңше, Қытай басшысы бұрын қалыптасқан жаппай әріптестік қатынасын қайталап, оны әлемдік қауымдастыққа көрсеткісі келетін сияқты. Бұл сапардың нәтижесі ретінде бірнеше келісімшарттарға қол қойылуы күтілуде. Бірінші кезекте, ол экономикалық қатынастарды жаңа өреге көтеруді мақсат етеді. Екіншіден, қазіргі геосаяси өзгеріс жағдайында ШЫҰ-ның шеңберінде Қазақстан-Қытай қарым-қатынасын бұрынғы уағдаластықтар негізінде жаңа міндеттемелермен толықтыруды көздейді деп ойлаймын. Яғни, өзгеріп жатқан халықаралық жағдайға байланысты екі мемлекеттің стратегиялық әріптестігі одан сайын нығая түседі. Мұнда қауіпсіздік мәселесі басты орында болуы мүмкін. Ол әсіресе, аймаққа үшінші бір күштер ықпалының таралуын алдын алуға бағытталуы ықтимал», - деді Тұрсынхан Зәкенұлы.

Тарихшының пікірінше, қазіргі геосаяси жағдайға байланысты Қытай өзінің сыртқы экономикалық саясатын қайта қарауға мүдделі. Сондықтан Тұрсынхан Зәкенұлы осы сапар аясында Еуропа, Таяу Шығыс пен Жерорта теңізі аймағына шығуға мүмкіндік беретін Қазақстан дәлізінің тұрақтылын қамтамасыз ету шаралары талқылануы мүмкін екенін жеткізді.

«Қазіргі таңда Қытай экономикасы өте үлкен сын-тегеуріндермен бетпе-бет келіп отыр. Оны тұтас әлемдік қауымдастық көріп отыр. Ол АҚШ-пен, Еуроодақпен болған қарым-қатынастың нашарлауына байланысты туындап отыр. Қазіргі таңда АҚШ-Қытай қарым-қатынасы өте қиын дағдарысты деңгейде десек артық айтқандық болмайды. Бұл өз кезегінде Қытайдың сыртқы экономикалық қарым-қатынасын қайта қарауға мәжбүрлеп отыр. Қытайдың оңтүстік-шығысындағы елдер АҚШ бастаған коалицияның ықпалында. Ал Ресейдегі жағдай немен аяқталатыны белгісіз. Ауғанстандағы жағдай әлі күнге дейін күрделі күйде қалып отыр.

Сондықтан Қазақстан бағыты бірден-бір қауіпсіз бағыт болып отыр. Яғни, біздің дәліз Қытайдың Еуропа елдеріне, Таяу Шығысқа, Жерорта теңізі аймағына тауар тасымалындағы бірегей әрі қауіпсіз жол. Сондықтан осы жолдың тұрақтылығы мен тыныштығын қамтамасыз ету Қытай үшін маңызды. Ол үшін Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру маңызды», - деп тоқталды сарапшы.

Тұрсынхан Зәкенұлының пайымынша, екі ел басшыларының назарынан инвестиция мәселелері де тыс қалмайды. Тарихшы ендігі қытайлық инвестициялар Қазақстандағы өңдеу өнеркәсібі саласына бағытталуы мүмкін екенін мәлім етті.

«Бұған дейін дейін Қазақстанның экономикалық қарым-қатынастары көбіне шикізаттық секторға бағытталған. Қытай инвестициясы да осы қазақстандық мұнай-газ қорларын игеру, тау-кен өндірісін дамытуға бағытталды. Сауда-саттықта негізінен шикізатты Қытайға экспорттау, ал дайын өнімді Қазақстанға импорттау формуласы бойынша жүргізіліп келді. Бірақ соңғы 5 жылда Қазақстан Үкіметі тарапынан өндіріс саласына басымдық берілді. Тиісінше, бұған Қытай да назар аудара бастаған болатын.

Сондықтан қазіргі таңда Қазақстан осы өндіріс секторын дамытуға инвестиция құюды талап ретінде қояды деп ойлаймын. Президент өткен Жолдауында: Қазақстан импортқа тәуелділіктен арылу керек, деді. Бұл өте маңызды міндет. Менің ойымша, ендігі инвестиция өндіріс, өңдеу өнеркәсібіне бағытталуы керек. Сонымен қатар, ол тікелей Қазақстанның бақылауында болуы тиіс», - деп түйіндеді Тұрсынхан Зәкенұлы.