Қазақстан даму банкі ел экономикасына 400 млрд теңге инвестиция салады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан даму банкі ел экономикасына 400 млрд теңге инвестиция салады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында аталған қаржы институтының басшысы Болат Жәмішев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан даму банкі 2017 жылды оң қаржылық нәтижемен аяқтап, шоғырландырылған таза кіріс 4,8 млрд теңгені құрады. 2016 жылмен салыстырғанда есепті кезеңде банк активі 5 пайызға артып, 2,5 трлн теңгеге дейін жетті. 2017 жылдың ішінде банк 406 млрд теңге инвестиция тартып, 345,3 млрд теңге сомасындағы міндеттемесін өтеді», - деді Болат Жәмішев.

Оның дерегінше, өткен жылдың қорытындысында ҚДБ-ның клиенттерге берген займдар қоржыны 2016 жылмен салыстырғанда 7,3 пайызға артып, 1 трлн 493 млрд теңгеге жеткен. Кредиттік қоржын көлемі 1 трлн 561 млрд теңгені құраған. Ал ағымдағы жылы банк еліміздің шикізаттық емес секторын дамытуға 405 млрд теңге жұмсауды жоспарлап отыр.

«2017 жылы Қазақстанның республикалық бюджет қаражатының әрбір теңгесіне нарықтық шарттармен 2,22 теңге займ тартылды. Өткен жылы Қазақстан даму банкі әртүрлі көздерден тартқан қорландыру көлеміндегі 406 млрд теңгенің тек 31,1 пайызы ғана бюджет қаражаты болды», - деді банк басшысы.