Қазақстан даму көрсеткіші бойынша Орталық Азияда көш бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Legatum Prosperity Index 2026 (Даму индексі) рейтингіде Орталық Азия елдері арасында көш бастап, әлемнің 161 мемлекетінің ішінде 66-орынға тұрақтады.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Prosperity Institute жариялаған индекс 130-дан астам көрсеткіш негізінде жасалады. Бағалау үш негізгі бағытты қамтиды: даму, еркіндік және қоғам.

2026 жылғы рейтиңде бағалау әдістемесі жаңартылды. Енді рейтингіде жоғары орын алу үшін бір ғана бағыттағы үздік нәтиже жеткіліксіз.

Елдің барлық бағыттағы көрсеткіші қатар ескеріледі.

Жекелеген бағыттар бойынша Қазақстанның көрсеткіштері мынадай:

-«Даму» бағыты бойынша — әлемде 52-орын;
-«Қоғам» бағыты бойынша — 45-орын;
-«Қоғамның тұтастығы» (Integrity of Society) көрсеткіші бойынша — 47-орын.

Қазақстан білім беру саласында жоғары нәтиже көрсетіп, әлемде 32-орынға жайғасты. Сондай-ақ «Отбасының тұтастығы» (Integrity of Families) көрсеткіші бойынша 30-орынды иеленсе, өмір сүру деңгейі бойынша 53-орыннан көрінді.

Осылайша, Орталық Азия елдері арасында Қазақстан ең жоғары орынға ие болып отыр. Одан кейін Қырғызстан — 87, Өзбекстан — 94, Тәжікстан — 129, Түрікменстан 150-орынға жайғасқан. Ал Ресей бұл тізімде 103-орынға орналасқан.

2026 жылғы әлемдік рейтингіде Швейцария бірінші орынға шықты. Алғашқы бестікке сондай-ақ Норвегия, Ирландия, Дания және Финляндия енген. Баяндамада атап өтілгендей, Швейцария барлық негізгі бағыт бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, рейтингіде бірінші орынға шыққан.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Әлеуметтік ілгерілеудің әлемдік индексінде 171 елдің ішінде 61-орынға тұрақтағаны хабарланды.