Қазақстан дәрігерлері Ауғанстандағы гуманитарлық миссияға қатысады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан 3 қарашаға қараған түні магнитудасы 6,3 болған қатты жер сілкінісінен кейін Ауғанстанға медициналық көмек көрсетуді жалғастырып жатыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Президенттің тапсырмасы бойынша өткен аптадан бері жұмыс істеп келе жатқан гуманитарлық жүк және медициналық бригада жіберілді. Мемлекеттік резервтен дәрі-дәрмектер, хирургиялық құралдар, таңғыштар, шатырлар, төсек-орын жабдықтары және басқа да қажетті ресурстар жеткізілді.
Миссияның құрамына көптеген жарақаттармен, полижарақаттармен және шұғыл жағдайлармен жұмыс тәжірибесі бар мамандар кірді. Қазақстандық бригаданың құрамында академик Батпенов атындағы ҰҒТОО дәрігерлері медициналық көмек көрсетеді: О.Бекарысов, Д.Ғалым, А.Долгов, Р.Әбілов, Б.Тұрлыбеков. Ұлттық нейрохирургия орталығы: С.Карібай, Н.Әшіров, А.Қадыров Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы: А.Сатыбалдин, С.Нұртазин, Р. Сәлімов, А.Қыдырбаев, Г. Түсіпбеков.
Осы уақыттың ішінде қазақстандық дәрігерлер ондаған консультация, зерттеп-қарау мен операциялар өткізді. Мамандар жергілікті дәрігерлерге пациенттерді таратуға, хирургиялық емшаралардың кезектілігін жоспарлауға, бірлескен талдаулар жүргізуге және ең қиын жағдайларға қосылуға көмектеседі.
Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына және Үкімет қаулысына сәйкес Ауғанстан халқына жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен тұрғындарды қолдау мақсатында гуманитарлық көмек жөнелтілді.
Жойқын жер сілкінісінен кейін Қазақстан Ауған халқына гуманитарлық миссия жіберді.