Қазақстан дәріханаларындағы бірқатар препаратқа бақылау күшейтілмек
Елімізде есірткі әсерін беретін дәрілік заттардың тізімі кеңейтілмек, деп хабарлайды Kazinform.
«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 20 наурыздағы № 240 қаулысымен «трамадол», «кетамин», «этизолам» заттары Қазақстан Республикасында бақылауға жататын есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың тізбесіне енгізілген. Бұдан әрі жоғарыда аталған дәрілік заттарды рецептсіз сатқаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделген. Денсаулық сақтау және Ішкі істер министрліктері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасы аясында күшті әсер ететін заттардың (трамадол, кетамин, этизолам) заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауаптылықты енгізді», - делінген Денсаулық сақтау министрілігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Комитеттің аумақтық департаменттері өз құзыреті аясында «трамадол», «тропикамид», «мидакс» және басқа да дәрілік заттардың, оның ішінде мониторингтік топтардың құрамында рецептсіз сатылуының алдын алу, анықтау әрі жолын кесу бойынша тұрақты негізде бақылау жасап отыр.
Ведомство мәліметінде, 2020 жылы 45 дерек анықталып, 4 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. 2021 жылы 8 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынып, 80 факт тіркелді. Ал 2022 жылы 10 млн теңге сомасына айыппұл салынып, 98 дерек анықталды.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Жоспарда қарастырылған іс-шаралар нашақорлықпен күрес жүйесін жетілдіруге, талдау негізінде жаңа психоактивті заттарды анықтауға бағытталған.
«Сонымен қатар, дәрілік заттарды таңбалау мен қадағалауды енгізу аясында Комитет бұдан әрі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 10 қыркүйектегі № 568 қаулысымен бекітілетін таңбалауға және қадағалауға жататын дәрілік заттар тізбесіне «трамадол», «тропикамид» және «зопиклон» дәрілік заттарын енгізуді жоспарлап отырғанын атап өту қажет», - деп аталып өткен ведомство мәліметінде.