Қазақстан дауларды дипломатиялық жолмен шешу ісіне белсене ат салысуға дайын – Тоқаев

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан дауларды дипломатиялық жолмен шешу ісіне белсене ат салысуға дайын. Бұл туралы Ақордада Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен келіссөздерден кейінгі БАҚ өкілдеріне бірлескен мәлімдеме жасау барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Келесі мәселе - халықаралық күнтәртібі. Әлемдегі түрлі саяси, экономикалық шиеленістер елімізді алаңдатып отыр. Әрине, барлық түйткіл халықтардың, болашақ ұрпақтың игілігі үшін бейбіт жолмен шешілуге тиіс. Өздеріңізге мәлім, бұған дейін Қазақстан дауласқан тараптарды бітімге шақырды. Оларға келіссөз жүргізу үшін бейтарап алаң ұсынды. Еліміз дауларды дипломатиялық жолмен шешу ісіне белсене ат салысуға дайын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Франк-Вальтер Штайнмайер мырзамен келіссөздер нәтижелі болғанын баса айтты.

«Ынтымақтастығымыз жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін», - деді Президент.