ОРАЛ. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат - «Қазақстан» ұлттық арнасы ұйымдастырып отырған «Қазақстан дауысы» тележобасында батысқазақстандық қос әнші Айнара Айтқалиева мен Таңат Жексенбаев өз бақтарын сынауды жалғастыруда.
Қазіргі кезде жобада 16 өнерпаз ғана (әр тәлімгерден төрт әншіден) қалды. Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармонияның солисі Айнара Мәдина Сәдуақасованың тобында болса, Қаратөбе ауданының түлегі, қазір Шыңғырлауда мәдениет саласында еңбек ететін Таңат Нұрлан Албанның жетекшілігімен шеберлігін ұштауда. Осыған дейін екеуі де көрермендердің көп дауысын иеленіп, тағы бір айналымға өткен болатын.
-Алдағы жексенбіде, 29 желтоқсан күні кешкісін тікелей эфирде екеуміз де сынға түсеміз, - дейді Айнара Айтқалиева телефон арқылы - Бір үміткерді тәлімгердің өзі өткізеді, ал екеуі телекөрермендер дауысымен келесі сынға жолдама алады. Жобаның бас финалы алдағы жылғы 19 қаңтарда болып, жеңімпаз анықталмақ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).